8 Қазан 2026, 19:11 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Декрет, емделу, жәрдемақы мен зейнетақы: Мемлекет қазақстандықтарға қандай кепілдік береді?

Медициналық көмек, зейнетақымен қамсыздандыру және халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін жәрдемақылар.

Қазақстанда ата-аналар бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемдер ала алады, ал жұмысынан айырылған жағдайда азаматтарға алты айға дейінгі мерзімге сақтандыру қолдауы қарастырылған. Сондай-ақ мемлекет медициналық көмекті, зейнетақымен қамсыздандыруды және халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін жәрдемақыларды қаржыландырады. Алайда көмек алу шарттары әртүрлі: кейбір төлемдер еңбек статусына қарамастан берілсе, басқалары ресми табыс пен әлеуметтік аударымдарға байланысты болады. 2026 жылы қазақстандықтар қандай кепілдіктерге сене алады және әлеуметтік қорғау жүйесі қалай жұмыс істейді? Әрі қарай BAQ.KZ шолуында қарастырайық.

Қазақстандағы әлеуметтік қорғау бюджеттен қаржыландыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жинақтарының үйлесіміне негізделген.

Мемлекет балалы отбасыларға, зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақы төлейді. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтарға төлемдер жүргізілетін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) жұмыс істейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2026 жылы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді 4,9 миллионнан астам адам алады. Әлеуметтік салаға шамамен 6,8 триллион теңге қарастырылған. Қолдаудың нақты мөлшері төлем түріне және заңнамада белгіленген шарттарға байланысты анықталады.

Декреттік демалыс: ата-аналар төлемдерді қанша уақыт ала алады?

Қазақстанда жүктілікке және босануға байланысты демалыстың стандартты ұзақтығы 126 күнтізбелік күнді құрайды: босануға дейін 70 күн және кейін 56 күн. Жүктіліктің асқынуы немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда демалыс 140 күнтізбелік күнге дейін ұзартылады. Ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратындарды қоса алғанда, әйелдердің жекелеген санаты үшін арнайы жағдайлар қарастырылған.

Бала туғаннан кейін ата-аналардың бірі үш жасқа толғанға дейін күтіп-бағуға арналған демалыс рәсімдей алады. Еңбек кодексі жұмыс орнын сақтауды көздейді, бірақ бұл кезең жалақы сақталмай беріледі.

Ал бала күтімі бойынша ақшалай төлемдер тек бір жарым жасқа дейін ғана қарастырылған. Олардың мөлшері алушының міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан-қатыспағанына байланысты болады.

2026 жылы бірінші, екінші немесе үшінші бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы 164 350 теңгені құрайды. Төртінші және одан кейінгі балалар туған кезде 272 475 теңге төленеді. Бұл қолдау ата-аналардың бала дүниеге келгенге дейін жұмыс істеген-істемегеніне қарамастан беріледі.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын ата-аналар үшін бала күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар қарастырылған:

  • бірінші балаға – 24 912 теңге;

  • екіншіге – 29 454 теңге;

  • үшіншіге – 33 952 теңге;

  • төртінші және одан кейінгілеріне – 38 493 теңге.

Жұмыс істейтін ата-аналар үшін өзге тетік қолданылады. МӘСҚ есебінен бала күтімі бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40 пайызы мөлшерінде есептеледі. Есептеу кезінде белгіленген шектеулер ескеріледі, ал тағайындалған сомадан міндетті зейнетақы жарналары ұсталады.

Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік және босану кезеңі үшін жеке әлеуметтік төлем қарастырылған. Оның мөлшері соңғы 12 күнтізбелік ай ішінде әлеуметтік аударымдар төленген табысқа және уақытша еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген демалыс ұзақтығына байланысты болады.

Тегін медицина: сақтандырусыз не қарастырылған?

Қазақстанда медициналық көмек екі негізгі тетік – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) арқылы қаржыландырылады.

Басты айырмашылық қызметтерге қол жеткізу шарттарында жатыр. ТМККК сақтандыру мәртебесіне қарамастан беріледі, ал МӘМС пакетінен қызметтер алу үшін, әдетте, сақтандырылған мәртебесі талап етіледі.

ТМККК аясында азаматтарға жедел және шұғыл медициналық көмек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек, жекелеген профилактикалық іс-шаралар, вакцинация және бекітілген тізбе шеңберінде әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу қолжетімді.

Мемлекет халықтың белгіленген жеңілдікті санаттарын, соның ішінде балаларды, зейнеткерлерді, мүгедектігі бар адамдарды және жұмыс істемейтін жүкті әйелдерді МӘМС жүйесінде қаржыландырады.

2026 жылы медициналық сақтандыру жүйесінде 2025 жылғы 14 шілдедегі заңда көзделген өзгерістер қолданысқа енді. Олар, атап айтқанда, медициналық көмектің жекелеген түрлерін ТМККК мен МӘМС арасында қайта бөлуге қатысты.

Мысалы, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарға, оның ішінде амбулаторлық гемодиализ жасауға арналған медициналық көмек МӘМС жүйесінде көрсетіледі. Бұл ретте бекітілген әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесіне енгізілген сырқаттарды емдеу тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде қаржыландырылуын жалғастыруда.

Өзгерістер медициналық сақтандыру жарналарын есептеуге де қатысты. 2026 жылдан бастап төлемдер есептелетін табыстың жоғарғы шегі жұмыс берушілердің аударымдары үшін 40 ең төменгі жалақыны және қызметкерлердің жарналары үшін 20 ең төменгі жалақыны құрайды. Осы санаттар үшін ставкалар өзгеріссіз қалды.

Реформаның келесі кезеңі 2027 жылдан бастап көзделген. Заңнама халықтың жеңілдікті санаттары үшін мемлекет жарналарының ставкаларын кезең-кезеңімен арттыруды белгілейді. Бұл ретте аталған өзгерістер шеңберінде қызметкерлер мен жұмыс берушілердің төлем ставкаларын көтеру қарастырылмаған.

Жұмыстан айырылу: жәрдемақы алуға кімнің құқығы бар?

Тұрақты табыстан айырылу – қазақстандықтар әлеуметтік қорғауға сене алатын тағы бір жағдай. Алайда ақшалай қолдау барлық жұмыссыздарға автоматты түрде қарастырылмаған.

Қазақстанда жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған. Оған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың құқығы пайда болады.

Төлем мөлшері соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табыстың 45 пайызы мөлшерінде есептеледі. Нақты соманы анықтау кезінде заңнама талаптары, соның ішінде жүйеге қатысу өтілі ескеріледі.

Төлемдердің ұзақтығы бір айдан алты айға дейін созылады.

Айта кетейік, Қазақстанда бос жұмыс орындарын таңдау, кәсіби оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу қызметтері қарастырылған. Бұл жағдайда ақшалай төлем тұрақты жалақыны алмастырушы емес, уақытша қолдау қызметін атқарады.

Зейнетақымен қамсыздандыру: 2026 жылы не өзгерді?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің мөлшері мен мемлекет белгілеген есептік көрсеткіштер өсті.

Минималды мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 35 596 теңгені, ал белгіленген жартылай ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңгені құрайды.

Қазақстандық зейнетақы жүйесі еңбек өтілі мен қалыптасқан зейнетақы құқықтарына тәуелді бірнеше компонентті біріктіреді.

Базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріле отырып тағайындалады. Егер ол он жыл және одан аз болса немесе мүлдем болмаса, 2026 жылғы төлем мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең болады.

Мүгедектігі бар адамдарға қолдау: қандай төлемдер қарастырылған

Қазақстанда әлеуметтік қорғау мүгедектігі бар азаматтарға да таралады. Қолдаудың негізгі құралдарының бірі – мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар.

2026 жылы жалпы ауру салдарынан мүгедектігі бар азаматтар үшін жәрдемақы мөлшері төмендегідей:

  • I топ – 111 873 теңге;

  • II топ – 89 498 теңге;

  • III топ – 61 022 теңге.

Басқа санаттар үшін, соның ішінде бала кезінен мүгедектігі бар адамдар үшін төлем мөлшері өзгеше болуы мүмкін.

Сонымен қатар, әлеуметтік аударымдар жүргізілген азаматтарға белгілі бір шарттар сақталған жағдайда МӘСҚ-тан еңбек қабілетінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалуы мүмкін. Оның мөлшері жеке тәртіппен анықталады.

I топтағы мүгедектігі бар адамды күтіп-бағуды жүзеге асыратын тұлғаларға, сондай-ақ мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар мен басқа да заңды өкілдер үшін жеке мемлекеттік жәрдемақылар қарастырылған.

Осылайша, мән-жайларға байланысты адам заңда көзделген бірнеше қолдау тетіктеріне құқылы болуы мүмкін. Алайда оларды тағайындау және бірлесіп алу шарттары жеке айқындалады.

Қазақстандық жүйе негізгі өмірлік жағдайларда қолдау көрсетуді қарастырады, бірақ нақты құқықтар, мерзімдер мен төлем мөлшері жекелеген заңнамалық нормалар арқылы белгіленеді. Адамның қандай көмекке сене алатынын бағалау кезінде дәл осы шарттарды ескеру қажет.