Deepfake, деректер мен заң: Қазақстан цифрлық дәуірдің қатеріне қалай төтеп береді?

Жуырда жасанды интеллектіні дамыту мәселелері бойынша өткен кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ экономиканың барлық саласын дамытудың қозғаушы күшіне, инновациялық өсім мен елдің цифрлық тәуелсіздігінің негізіне айналуы қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы цифрландырудың стратегиялық маңызына тоқталып, оның сәтті іске асырылуы болашақта Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін анықтап беретінін алға тартты.

Осы мәселелер аясында қабылданған нақты қадамдар, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы жаңа жобалар мен технологиялар туралы ҚР ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.

Cуперкомпьютер

Қазақстан 9 шілдеде Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютерді ресми түрде іске қосты. Бұл – цифрлық еркіндік пен технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы маңызды жетістік. Ол шетелдік бұлтты қызмет провайдеріне тәуелділікті қысқартып, деректердің тарап кету қатерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Суперкомпьютер стартаптар, университеттер, ғылыми мекемелер мен мемлекеттік органдар үшін ашылды.

Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, суперкомпьютердің ресурстарын бөлу үшін alem.cloud Ұлттық суперкомпьютер кластерін тиімді пайдалану бойынша тиімді жұмыс жүргізіледі.

Негізгі міндет – болашағы зор стартаптар мен ұлттық маңызы бар жобаларды қоса алғанда, барлық қатысушыларға оның есептеу ресурстарына тең және ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету. Есептеу қуаттарын жүзеге асырылып жатқан цифрлық бастамалармен жүйелі түрде интеграциялау мақсатында суперкомпьютерге қолжетімділік Ұлттық жасанды интеллект платформасы арқылы беріледі. Бұл стартаптарға, бизнес қауымдастыққа және өзге де мүдделі тараптарға жасанды интеллект саласында шешімдер әзірлеу үшін орталықтандырылған қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта қуаттарды бөлу ережелерінің жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құжат қолжетімділікті ұсыну тәртібін, ресурстарды бөлу тетіктерін және олардың мақсатты пайдаланылуын бақылау шараларын айқындайды. Аталған шараларды іске асыру суперкомпьютердің әлеуетін инновациялық бизнес пен мемлекеттік жобалардың мүддесінде барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, - деді Ғиззат Байтұрсынов.

ЖИ қауіпсіздігі

Кеңесте Президент жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуы арқылы биометриялық деректерді бұрмалау (мысалы, түрді немесе дауысты жасау) және жеке деректердің тарап кету қатері өсетіндігін атап өтті.

ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов министрлік дипфейк-технологиялармен байланысты мәселелерді реттемейтінін, сондай-ақ ондай технологияларды қолдануды талдау мен мониторинг жүргізуді жүзеге асырмайтынын ескертті.

Мұндай технологияларды пайдалану сипаты мен мақсатына байланысты дипфейк қолдану жағдайларын құқық қорғау органдары (азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзу, алаяқтық әрекеттер болған жағдайда) немесе Мәдениет және ақпарат министрлігі (медиаконтентті тарату мәселелері бойынша) қарастыруы мүмкін.

ЖИ мен өзге де цифрлық технологияларды пайдалану кезінде дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – пайдаланушылардың өз жауапкершілігінде. Олар жеке ақпаратты қорғау бойынша белгіленген ережелер мен ұсынымдарды сақтауға тиіс, - дейді Ғиззат Байтұрсынов.

Сонымен қоса ол бүгінгі таңда «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы Мәжілістің қарауында екенін жеткізді. Аталған заңның аясында дипфейк-технологияларды қолдану мәселесі реттеледі деп жоспарланып отыр.

ЖИ дамыту

Қазақстанда жасанды интеллектінің жаңа деңгейге шығуы маңызды. Өйткені ол мемлекеттің экономикалық бәсекеге қабілеттілігімен, технологиялық тәуелсіздікті нығайту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттырумен тікелей байланысты.

Президент Ақордада өткен кеңесте атап өткендей, ЖИ дамуы – бұл цифрландырудың элементі ғана емес, Қазақстанның әлемдік экономикадағы орнын он жылға алға анықтап беретін стратегиялық басымдық. Интеллектуалдық технологиялар барлық салада – өнеркәсіп пен энергетикадан бастап, денсаулық сақтау мен білім беруде өсімнің драйверіне айналуға қабілетті. Бұл технологиялар инновацияларды жедел енгізуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, бизнес-процестерді оңтайландыруға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, отандық жасанды интеллект шешімдері елге цифрлық егемендікке қол жеткізуге мүмкіндік береді, яғни шетелдік технологиялар мен платформаларға тәуелділіктен қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе жаһандық бәсеке мен киберқауіптер жағдайында маңызды. Ал жасанды интеллектіні кеңінен енгізу жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың цифрлық сауаттылығын арттырады және озық технологиялармен жұмыс істей алатын мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

Сондықтан Қазақстанда жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуын қамтамасыз ету мақсатында стратегиялық сипаттағы іс-шаралар кешенін іске асыру көзделіп отыр.

Ұлттық цифрлық трансформация аясында кадр даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және инновациялық жасанды интеллект шешімдерін енгізу платформасы болуға арналған alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығын іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ бекітілген жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасына және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жасанды интеллектті мемлекеттік басқару жүйесіне және экономиканың басым секторларына енгізу көзделген, - дейді Ғиззат Байтұрсынов.

Жасанды интеллектті дамытуға бағытталған жаһандық бастамаларға Қазақстанның қатысуы аса маңызды. Өйткені бұл елге оқшауланған жағдайда толықтай дамыту мүмкін болмайтын озық технологияларға, білімге және халықаралық әріптестіктерге қол жеткізуге жол ашады.

Сондықтан Ғиззат Байтұрсыновтың мәлімдеуінше, Қазақстанның жасанды интеллектті дамыту бойынша жаһандық бастамаларға қатысуы – бұл стратегиялық басымдық.

Мұндай ынтымақтастық озық білімге, инфрақұрылымға және үздік халықаралық тәжірибелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, отандық құзыреттер мен кадрлық әлеуеттің дамуын жеделдетеді, инвестиция тартады және бәсекеге қабілетті IT-шешімдердің жасалуына серпін береді.

Одан бөлек, Қазақстанның әлемдік ЖИ-аренасында болуы халықаралық стандарттар мен этикалық қағидаттарды қалыптастыруға жол ашады. Бұл технологияларды қауіпсіз және жауапты қолдану үшін аса маңызды. ЖИ жаһандық күн тәртібіне белсенді қатысу мемлекеттің технологиялық егемендігін күшейтеді, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады және тұрақты экономикалық өсім үшін берік іргетас қалыптастырады, - дейді Ғиззат Байтұрсынов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы