ДДҰ: Әлемде КВИ жұқтырғандар саны азайып, шектеу шаралары алынып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ДДҰ-ның мәліметі бойынша, қазіргі уақытта әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 420 миллионнан асқан, ал індеттен қайтыс болғандар саны 6 миллионға жуықтаған. Әлемдегі және Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай және вакциналау шаралары туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Коронавирус жұқтырғандар саны 20 миллионнан асқан мемлекеттер қатарына АҚШ, Үндістан және Бразилия кіреді. Соның ішінде, АҚШ вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны бойынша әлі көш басында тұр.

ДДҰ-ның дерегінше, әлем бойынша қаңтардың тек соңғы аптасында тіркелгендер саны 22 млн-нан асқан. Бұл жалпы пандемия кезіндегі жұқтыру саны бойынша ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Ал ақпан айынан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының төмендегені байқалған.

Жаппай вакциналау Еуропа елдеріне бірқатар коронавирустық шектеуді алып тастауға мүмкіндік беруде. Соның ішінде, Аустрия, Швейцария және Германия мемлекеттері шектеу шараларын жеңілдетуді жоспарлап отыр. Ал Ұлыбританияда коронавируспен ауруханаға түскен науқастар саны азайып келеді.

Халқының көпшілігі вакциналанған Еуропа елдері қатаң коронавирус шектеулерінен бас тартуға шешім қабылдады. 17 ақпаннан бастап Швейцарияда дүкенге, театрға немесе мейрамханаға медициналық маскасыз кіруге болады. Бетперде тағу талабы қоғамдық көліктерде, сондай-ақ банктерде, супермаркеттерде, дәріханаларда және пошта бөлімшелерінде қолданылады. Басқа жерлерде бұл тек ұсыныс ретінде қалады. Сондай-ақ бұл елде бүгіннен бастап «ковид куәлігі» талап етілмейді. Алайда, билік бұл ережелер күзде суық тию маусымында қайтадан күшіне енуі әбден мүмкін екенін ескертеді.

Германия коронавирусқа қарсышектеу шараларын кезең-кезеңімен алып тастауға дайындалуда. Шектеулердің көпшілігі шамамен бір айдан кейін, яғни 20 наурызда жойылады деп жоспарланып отыр. Елде негізгі ережелер міндетті болып қалады. Олар - бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау ережелері. Алайда, бұқаралық іс-шаралар, соның ішінде футбол матчтары, концерттер және достармен кездесу сияқты жиындарға жиналатын адамдар санына шектеу қойылмайды. Қазіргі таңда бұл елде кездесу жиындарға максималды 10 адам жиналуына рұқсат берілген.

Аустрияда барлық шектеу шарасы 5 наурыздан бастап алып тастау жоспарланып отыр. Түнде кафелер мен мейрамханалардың жұмысына тыйым салынбайды, қоғамдық орындарда тамақтана беруге болады. Коменданттық сағат та алып тасталынады. Бетперде тағу талабы қоғамдық көліктерде, сондай-ақ банктерде, супермаркеттерде, дәріханаларда және пошта бөлімшелерінде қолданылады.

АҚШ-тың денсаулық сақтау ұйымы «омикрон» штамымен байланысты жағдайлар саны азайып жатқандықтан, COVID-19 пандемиясының келесі кезеңіне дайындалып жатыр. Агенттіктің мәліметінше, мұндай шешім АҚШ-тың көптеген штаттары COVID-19 шектеулерін жеңілдете бастағаннан кейін қабылданған. CDC мәліметтері бойынша, коронавирус жұқтыру дерегі алдыңғы аптамен салыстырғанда 40%-ға, ауруханаға түскендердің орташа саны 28%-ға, ал қайтыс болғандардың орташа саны 9%-ға төмендеген.

Ұлыбританияда да коронавируспен ауруханаға түскен науқастар саны азайған. Соңғы 24 сағатта 54,000-нан астам жаңа жағдай тіркелген, бұл өткен аптамен салыстырғанда 13%-ға аз. Бұл елде үкімет қосымша шаралар енгізуді қарастырмайды.

Африка елдері коронавирусқа қарсы 29 миллион доза вакцина алады. Континенттегі коронавирустық дағдарыс проблемасын ЕО елдерінің басшылары ЕО-Африка саммитінде егжей-тегжейлі талқылайды. Осылайша, олар әлемде вакциналау деңгейін арттырып, елдерге пандемиядан аман қалуға көмектесуді жоспарлап отыр.

Израильде коронавирус төлқұжаттарын жою туралы шешім қабылданды. Ақпан айының басында Израиль үкіметі коронавирус ауруының төмендеуі аясында көптеген карантиндік шектеулердің жойылуын қолдады. Израильде карантин шектеулерінің көпшілігі жойылды. Енді ел 1 наурыздан бастап COVID-төлқұжаттарын қолдануды тоқтатады.

Қазақстанда: елге келген азаматтар ПТР тапсыруға міндеттелмейді

Елімізде 18 ақпандағы жағдай бойынша, коронавирус жұқтырған 39 556 адам (38 401 КВИ+ және 1 155 КВИ-) емделіп жатыр, оның ішінде 5 269 науқас стационарда, 34 287 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

Қазіргі таңда коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін 9 330 732 адам, II компонентін 8 915 188 адам салдырды. Өңірлер бойынша нақты деректер төмендегі кестеде көрсетілген. Вакцинаның ең көп салдырған өңір қатарында Алматы қаласы мен Түркістан облысы тұр. Ондағы вакцина алғандар саны 1 млн-нан асады. Ал Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысында вакцина алғандар саны 1 млн-ға жуықтаған.

Айта кетейік, 17 ақпанда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында ВАК бизнес пен тұрғындарға қатысты шектеу шараларын жеңілдетуді мақұлдады.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы