ДДСҰ: Вакцина коронавируспен күрестің жалғыз жолы емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавируспен күрес жасалып жатқан вакциналардан бөлек, басқа да құралдарды - бақылау, тестілеу, вирус жұқтырғандардың байланысын анықтау және карантиндік шараларды қолдануды қажет етеді. 

Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус мәлімдеді, деп жазады ru.euronews.com. ДДСҰ COVID-19 вакциналарының тиімді екеніне үміт артуға болатын ақпарат таратқанымен, әлі де арқаны кеңге салуға болмайтынын айтады.

Қазір өзін-өзі тыныштандыратын уақыт емес. Біз вакциналардың тиімділігі жөнінде жағымды жаңалық естігенімізбен, қазіргі уақытта Еуропада да, Америкада да инфекцияның  күрт өсуіне алаңдаулымыз, - деді ДДСҰ басшысы.

Айта кетейік, ДДСҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде пандемия басталғалы бері коронавирустық инфекцияның 65 жағдайы расталды. Соңғы аптада тағы 5 қызметкер вирус жұқтырған. Ұйым Женева кеңсесінде коронавирустың таралуын болдырмау үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын айтады.

Қараша айының басында Женева кантоны коронавирустық инфекцияның ең жоғары деңгейі бар еуропалық аймақтардың қатарына кірді. Жергілікті ауруханалардың дәрігерлері дабыл қағып, қатаң карантин енгізілгеннен кейін (кантонда мейрамханалар мен барлардан бөлек, барлық азық-түлік емес дүкендер жабылды) жағдай түзеле бастады, бірақ әлі де толық оңала қойған жоқ.

Германияда қараша айының басынан бері енгізілген ішінара карантиннің нәтижесі бағаланды. Германия канцлері Ангела Меркельдің айтуынша, бұл шаралар вирус жұқтырғандар санының экспоненциалды өсуін тоқтатуға мүмкіндік берді. Алайда үкімет басшысы азаматтарды пандемияға байланысты әлеуметтік байланыстарды одан әрі шектеуге шақырды. 16 федералды жердің басшысымен толық тыйым салу режиміне көшуге келісу мүмкін болмады.

Коронавирустың алғашқы толқынында қатаң шектеулерден бас тартқан Швеция билігі бағытын өзгерткен сияқты. 24 қарашадан бастап елде саны сегіз адамнан асатын жиналыстарға тыйым салынбақ. 20 қарашадан бастап барларда, мейрамханаларда және түнгі клубтарда 22:00-ден кейін алкоголь сатуға тыйым салынады. Соңғы апталарда елде COVID-19 жұқтырғандар санының өсуі байқалды, бұл денсаулық сақтау жүйесіне үлкен ауыртпалық әкелді.

Австрия эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты алтыншы желтоқсанға дейін жалғасатын жалпы локдаунға кіреді. Осы уақыт аралығында ірі дүкендер жұмыс істемейді. Оқушылар қашықтан оқуға көшеді. Альпі Республикасының канцлері Себастьян Курц биліктің мұғалімдерге инфекцияны ерікті түрде сынақтан өткізуді және Рождествоға дейін халықтың көп бөлігін тестілеу үшін жағдай жасауды ұсынатындығын хабарлады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы