ДДСҰ хантавирусқа қатысты маңызды мәлімдеме жасады
MV Hondius круиздік лайнеріндегі хантавирус жұқтырғандар саны 13 адамға жеткен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус X әлеуметтік желісінде MV Hondius круиздік лайнеріндегі хантавирус жұқтырғандар саны 13 адамға жеткенін мәлімдеді.
ДДСҰ басшысының айтуынша, 2 мамырдан бері жаңа өлім жағдайы тіркелмеген. Ауру жұқтырған жолаушылар қажетті медициналық көмек алып жатыр, ал қалғандары карантинде қалдырылған.
Испанияда карантиндегі жолаушылардың арасынан жаңа жағдай тіркелді. Осылайша, ауру жұқтырғандардың жалпы саны 13 адамға жетті, – деп жазды Тедрос Адханом Гебрейесус.
Хантавирус індетінің таралуына байланысты MV Hondius кемесінде үш адам көз жұмған. Нидерландылық лайнер Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған.
Кеме 10 мамырда Канар аралдарына жеткеннен кейін жолаушылар эвакуацияланған.
Тедрос Адханом Гебрейесус 18 мамырда вирус жұқтырудың 11 жағдайы анықталғанын хабарлаған болатын. Оның ішінде тоғызы расталып, екеуі күмәнді жағдай ретінде тіркелген.