ДДСҰ: Газа медицинасын қалпына келтіру 7 млрд долларға түсуі мүмкін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Газа секторындағы денсаулық сақтау жүйесін қалпына келтіру үшін кемінде 7 миллиард доллар қажет болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Газа секторындағы денсаулық сақтау жүйесін қалпына келтірудің жалпы шығыны кем дегенде 7 миллиард долларды құрайды, – деді ол Женевада өткен баспасөз брифингінде.

Оның айтуынша, бұған дейін ұйымның қолдауымен 41 науқас пен 145 адам (олардың еріп жүрген туыстары) бірнеше елге эвакуацияланған.

Алайда әлі де 15 мың науқасқа, соның ішінде 4 мың балаға, Газа аумағынан тыс жерде ем қажет болып отыр.

Өкінішке қарай, 700-ден астам адам емделуге жіберілмей, эвакуацияны күткен күйі көз жұмды, – деді Гебрейесус.

БҰҰ, Еуропалық Одақ және Дүниежүзілік банк жүргізген алдын ала бағалау бойынша, Газа секторын толық қалпына келтіруге шамамен 70 миллиард доллар қажет.

Алайда БҰҰ өкілдері барлық аумақтарды қалпына келтіру мүмкін болмайтынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Газа секторында қаза тапқандар саны 68 мыңнан асқанын хабарладық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы