ДДСҰ балаларға қауіп төндіретін дәрілер туралы ескертті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) балалардың өліміне себеп болған қауіпті жөтелге қарсы сироптар туралы ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ДДСҰ Үндістанда анықталған қауіпті сұйық дәрілік препараттарға қатысты ескерту жариялады. Үндістанның Дәрі-дәрмек стандарттарын бақылау жөніндегі орталық ұйымы ДДСҰ-ға кем дегенде үш түрлі сұйық дәріде диэтиленгликоль (техникалық спирт) бар екенін хабарлаған. Бұл туралы ақпарат кемінде 17 баланың өлімі тіркелгеннен кейін белгілі болды.

Зерттеу нәтижесінде қауіпті деп танылған дәрілердің кейбір партиялары Sresan Pharmaceutical, Rednex Pharmaceuticals және Shape Pharma компаниялары өндірген "Coldrif", "Respifresh TR" және "ReLife" препараттары екені анықталды, - деп жазылған хабарламада. 

Үндістанда мемлекеттік органдар бұл дәрілердің өндірісін дереу тоқтатуға және оларға берілген лицензиялардың күшін уақытша тоқтата тұруға бұйрық берген.

Үндістанның Ауруларды бақылау және алдын алу комиссиясы ДДСҰ-ға аталған дәрілердің елден ешқайсысы экспортталмағанын және заңсыз экспорт фактілері туралы деректердің әзірге жоқ екенін хабарлаған.

Соған қарамастан, ДДСҰ сапасыз өнімдердің басқа елдер мен аймақтарға өтпеуін бақылауды және жеткізу тізбегіне әрі қарай тексеруді күшейтуді ұсынады. Сондай-ақ, бақылаусыз сатылатын дәрілерді мониторингтеу шараларын күшейту қажет.

Ұлттық реттеуші органдарға, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарына өз елінде бұл өнім табылған жағдайда ДДСҰ-ны дереу хабардар ету ұсынылады.

Еске салайық, бұған дейін жөтелге қарсы сироп ішкен 17 бала қайтыс болғанын жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы