Бүгiн 2026, 02:20 Фото: pexels.com

ДДСҰ Африкадағы Эбола штаммының өршуіне байланысты төтенше жағдай жариялады

Конго Демократиялық Республикасында және Угандада сирек кездесетін "Бундибугйо" Эбола штаммының өршуі салдарынан 88 адам көз жұмып, 330-дан астам күдікті жағдай тіркелді.

Конго Демократиялық Республикасында және Угандада сирек кездесетін "Бундибугйо" Эбола штаммының өршуі салдарынан 88 адам көз жұмып, 330-дан астам күдікті жағдай тіркелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нақты науқастар саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін ескертіп, екінші деңгейдегі төтенше жағдай режимін жариялады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауру жұқтырғандардың нақты саны айтарлықтай көп болуы мүмкін екенін ескертті. Осыған байланысты екінші деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді. ДДСҰ мәлімдемесінде бұдан жоғары тек пандемия деңгейі ғана бар екені, алайда жағдай әзірге оған жетпегені айтылған.

Эбола індетінің өршуі туралы 15 мамырда әскери қақтығыстар жиі болатын Итури провинциясының билігі хабарлады. Көршілес Угандада да Эбола жұқтырған ер адам қайтыс болды – одан "Бундибугйо" штаммы анықталған.

Конго Демократиялық Республикасының денсаулық сақтау министрі Самуэль Роже Камба бұл вирус штаммына қарсы вакцина да, арнайы ем де жоқ екенін, ал өлім-жітім деңгейі 50%-ға жететінін мәлімдеді.

Қазіргі індет Конго Демократиялық Республикасындағы Эболаның 17-ші эпидемиясы болғаны атап өтілді. Алдыңғы індет 2025 жылдың тамызында тіркеліп, онда 34 адам қайтыс болған. Елдегі ең ірі індет 2018–2020 жылдары жалғасып, шамамен 2300 адам көз жұмған. Жалпы соңғы 50 жылда Африкада бұл аурудан 15 мыңға жуық адам қайтыс болған.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өңірге жедел әрекет ету миссиясын жібергені хабарланған болатын. Мамандар жергілікті билікке тергеу жұмыстарын жүргізуге, науқастармен байланыста болғандарды анықтауға және медициналық мекемелердегі инфекциялық бақылау шараларын күшейтуге көмектесіп жатыр.