«Дайынмын»: Зеленский Путинмен кездесудің басты шартын айтты
Украина президенті келіссөз Мәскеуден тыс, бейтарап аумақта өтуі керек екенін мәлімдеді.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинмен Мәскеуден басқа кез келген жерде кездесуге әзір. Бұл туралы Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Сергей Лещенко телемарафон эфирінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ украиналық БАҚ-қа сілтеме жасап.
Оның сөзінше, Украина тарапы келіссөз өткізуге арналған бірнеше алаңды қарастырып жатыр. Алайда Мәскеуде кездесу өткізу нұсқасы Киев үшін қолайсыз саналады.
Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Владимир Путиннің Зеленскиймен дәл Мәскеуде келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеген еді.
Ал Зеленский осыған дейін бірнеше рет Путинмен бетпе-бет кездесуге қарсы емес екенін айтқан. Бірақ оның пікірінше, мұндай келіссөз бейтарап аумақта өтуі тиіс.
Кездесу өткізуі мүмкін орындардың қатарында АҚШ, сондай-ақ Таяу Шығыс пен Еуропа елдері қарастырылып отыр.