Даяна Федосова – XVII жазғы Паралимпиаданың қола жүлдегері

XVII жазғы Паралимпиада ойындарында J2 санаты бойынша 57 келідегі Даяна Федосова қола жүлде үшін таласып, Түркия өкілі Дёндю Ешилюртты айқын басымдықпен жеңді. Ел қоржынында - тағы бір кезекті жүлде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, пара дзюдодан әлем чемпионаты мен Азия ойындарының қола жүлдегері Даяна Федосова бұл жолы да жанкүйерлерді жеңісімен қуантып, Паралимпиаданың қола медалін олжалады.

Бұл – пара дзюдодан ұлттық құрама спортшыларының Парижде жеңіп алған екінші медалі. Кеше Ақмарал Науатбек Парижде Әнұранымызды шырқатып, ел мерейін өсірген еді. Даянаны Паралимпия ойындарының жүлдегері атануымен шын жүректен құттықтаймын! Жерлесіміздің алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге жетуіне тілектеспін, - деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Айта кетейік, Даяна 2021 жылы өткен Токио Паралимпиадасына да қатысып, жүлдеге сәл жетпей қалған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: olympic.kz
Өзгелердің жаңалығы