Давостағы кездесулер: Трамп Гренландиядан бас тартпай отыр, Еуропа ықтимал жауапты талқылауда

АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Гренландияға бақылау орнату жоспарының күшінде екенін мәлімдеп, Арктикадағы аралды күшпен басып алу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Сонымен қатар ол одақтастарын қатаң сынға алды. Бұл туралы BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап хабарлайды.

2026 жылы өтетін Давос экономикалық форумы АҚШ пен Еуропа арасындағы бұрын-соңды болмаған ашық текетіреске байланысты ерекше форум ретінде аталып отыр. Негізгі интригалар — Гренландия төңірегіндегі дау, Украинадағы соғыс және Дональд Трамптың "Бейбітшілік кеңесі".

Басылымның жазуынша, Трамптың НАТО мүшесі Даниядан Гренландияны тартып алуға ұмтылысы Батыс қауіпсіздігінің ондаған жылдар бойғы тірегі болып келген альянстың іргесін шайқалтуы мүмкін.

Мен бұған дейін де ашық айтқанымдай, Гренландия ұлттық және жаһандық қауіпсіздік үшін аса маңызды. Артқа шегінетін жол жоқ – мұнымен барлығы келіседі! – деді Трамп НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен әңгімеден кейін.

Әсерін күшейту үшін Трамп жасанды интеллект арқылы жасалған суретті жариялады. Онда ол Гренландияда қолына АҚШ туын ұстап тұрған күйде бейнеленген.

Тағы бір суретте ол карта аясында өзге көшбасшылармен сөйлесіп тұр, картада Канада мен Гренландия АҚШ-тың бір бөлігі ретінде көрсетілген.

Сондай-ақ Трамп Франция президенті Эммануэль Макроннан келген хабарламаны жария етті. Макрон онда Трамптың "Гренландияға қатысты не істеп жатқанын" сұраған. Бұған дейін Трамп өзіне кедергі келтіретін елдерге баж салығын енгіземін деп уәде етіп, француз шарабы мен шампанына 200 пайыздық тариф саламын деп қорқытқан болатын.

Трамптың қатаң мәлімдемелерінен кейін Еуропа көшбасшылары Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум сахнасына шығып, құрлықтың күшін көрсетуге тырысты. Алайда Еуропалық одақтың түпкілікті қандай жауап беретіні әзірге белгісіз.

Бізге экономикалық өсім де, әлемде тұрақтылық та қажет. Бірақ біз агрессияны емес, өзара құрметті таңдаймыз, – деді Франция президенті Эммануэль Макрон Давостағы кездесуде.

Кейбір саясаткерлер Еуропаның қауіпсіздік мәселесінде АҚШ-қа тәуелділігін азайтудың маңызын айтты. Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен "сейсмикалық өзгерістер" орын алып жатқанын айтып, "еуропалық тәуелсіздіктің жаңа формасын" қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Гренландия — оның халқының меншігі. Қоқан-лоққы да, тарифтер де мұны өзгерте алмайды. Жауап ретінде біз сабыр сақтап, өз ұстанымымызды қорғап, бірлесіп әрекет етуіміз керек, – деп жазды Х әлеуметтік желісінде ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас.

ЕО-ның АҚШ-қа ықтимал жауаптарының бірі — 93 миллиард еуро (109 миллиард доллар) көлеміндегі америкалық импортқа баж салығы пакеті. Ол алты айлық тоқтатудан кейін 6 ақпанда автоматты түрде күшіне енуі мүмкін.

Тағы бір нұсқа — ЕО-ның "Мәжбүрлеуге қарсы құралы" (ACI), бейресми түрде «сауда базукасы» деп аталады. Бұл құрал сауданы еуропалық саясатқа ықпал ету үшін пайдаланатын елдерге қарсы қатаң шаралар қолдануға мүмкіндік береді.

Бұл механизм әлі бірде-бір рет қолданылмаған. Алайда оны пайдалану мүмкіндігін көтерген Макрон сейсенбі күні бұл мәселе қайта талқыланып жатқанын айтты.

Аталған шаралар мемлекеттік тендерге, инвестицияға немесе банк қызметіне қолжетімділікті шектеуі, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы саудаға тосқауыл қоюы мүмкін. Бұл — АҚШ-тың ЕО-мен қарым-қатынаста артықшылығы бар сала, оның ішінде америкалық технологиялық алпауыттар ұсынатын табысты цифрлық қызметтер де бар.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент те Давостағы әлемдік саяси және іскер элита жиынында сөз сөйлеп, барлығына "сабырға келіп, тынышталуға" кеңес берді. Оның айтуынша, бәріне қолайлы шешім табылады.

48 сағат қана өтті. Айтқанымдай, тынышталыңыздар, демалыңыздар. Көшбасшылар жағдайды ушықтырмайды және бәрі баршаға тиімді аяқталады деп сенемін, – деді ол.

АҚШ пен Еуропа арасындағы ұзаққа созылатын сауда соғысы мүмкін бе деген сұраққа Бессент:

Неге біз соған асығуымыз керек? Неге бірден ең жаман сценарийді елестетеміз?.. Дүрбелеңді доғарыңыздар. Терең тыныс алыңыздар, – деп жауап берді.

Бұған дейін Еуропалық одақ Трамптың Гренландияны сату мәселесіне байланысты баж салығын енгізу қаупіне үйлестірілген жауап беруге уәде еткен болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы