Давид Дегтярев парапауэрлифтингтен төрт дүркін әлем чемпионы атанды
Спортшы үш мүмкіндігінің қорытындысы бойынша 573 келі көтеріп, қарсыластарынан басым түсті.
Қазақстандық парапауэрлифтер Давид Дегтярев Бахрейнде өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 192 келіні бағындырып, Азия рекордын жаңартты.
Спортшы үш мүмкіндігінің қорытындысы бойынша 573 келі көтеріп, қарсыластарынан басым түсті. Бұл – Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы екінші алтын медалі.
28 қарашада жарыс жолына Әли Ғалымұлин мен Уәзір Нәдіров (59 келіге дейін), Гүлім Құрманбаева мен Снежанна Бойко (50 келіге дейін), Қуаныш Рахатұлы мен Андрей Шпитцер (65 келіге дейін) шығады.
Әлем чемпионаты 2 желтоқсанға дейін жалғасады. Байрақты бәсекеге 41 елден 258 спортшы қатысып жатыр. Қазақстан құрамасы сапында 23 атлет бар: 13 ер адам және 10 әйел. Олар жекелей, жұптық және аралас командалық сайыстарда өнер көрсетеді.