Дауыс берушілер саны көп болған сайын, сайлау нәтижелі болады – халықаралық байқаушы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Венгриядан келген халықаралық байқаушы Шандор Ковач Алматыда өткен брифингте айтты.

Шандор Ковач Қазақстанға осымен бесінші рет халықаралық байқаушы ретінде келіп отырғанын жеткізді.

Бұған дейінгі сайлау сияқты бұл жолы да жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазір өтіп жатқан сайлау ерекше, өйткені ол пандемияға байланысты өте ауыр кезеңде ұйымдастырылып отыр. Учаскелерде келушілер үшін арнайы кіру және шығу есігі ұйымдастырылғанын көрдік, бұл - өте жақсы. Пандемияға қарамастан дауыс берушілер саны көп болады деген ойдамын, - деді ол. 

Сондай-ақ, ол сайлау барысында ешқандай заң бұзылушылықты байқамағанын айтты. 

Әр адам өз құқығын пайдаланып, дауыс бергені дұрыс, дауыс берушілер саны көп болған сайын ол нәтижелі болады. Өзге елдер сиқяты мұнда да жергілікті байқаушылар сайлау барысын бақылауда. Оған қоса сайлау барысымен танысуға мүмкіндіктер жасалған. Сайлау учаскесінде қажетті сұрақтарды қойып, жауап ала білдік, ешқандай проблема болған жоқ, - дейді Шандор Ковач. 

Норвегиядан келген  халықаралық байқаушы Мортен Мидтског сайлауда карантин шараларын сақтауға үлкен мән берілгенін айтады.

Менің басты миссиям - сайлау барысында бақылау жүргізу. Бүгінгі сайлау дұрыс ұйымдастырылған. Мен қаладағы бірнеше учаскеге бардым. Мен үшін сайлау барысын бақылау қызық болды. Біздің Норвегияда да сайлау осы үрдісте жүреді. Дегенмен, сіздерде карантин шараларын сақтауға жақсы мән берілген. Келушілер маска таққан және дене қызуларын тексеріп кіргізуде. Ұйымдастыру жағы жақсы жолға қойылған, жергілікті атқарушы органдардың жақсы жұмыс істегені көрініп тұр, - дейді шетелдік байқаушы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы