«Дауыс» байқаушылары сайлау мониторингінің қорытындысын шығарды
Қоғамдық байқаушылар коалициясының мүшелері сайлау мониторингінің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Байқаушылардың жұмысын Қазақстанның барлық облыстарынан аймақтық штаб басшылары кірген «Дауыс» ҚБК Республикалық байқаушылар штабы үйлестіреді.
Айта кету керек, «Дауыс» ҚБК бастамалары басқа да қоғамдық ұйымдар тарапынан қолдау тапты. Ал биылғы сайлау науқанында «Дауыс» ҚБК байқаушыларды оқыту мен дайындауға көмектесетін 162 ҮЕҰ әріптестікте жұмыс істеп жатыр.
Бақылаушылар пулын қалыптастыру нәтижелері бойынша «ДАУЫС» ҚБК оқыту іс-шараларының сериясын бастады. Өңірлерде барлығы 682 тренинг пен семинар өткізіліп, 18 мыңнан астам байқаушы қамтылды.
Оқыту процесінде сайлау заңнамасының негіздеріне ерекше көңіл бөлінді. Дәріскерлер байқаушылардың құқықтары мен міндеттерімен қатар, сайлау учаскелерінде туындайтын заңбұзушылықтарды есепке алу және даулы мәселелерді шешу жолдарын түсіндірді.
Фото: «Дауыс» ҚБК бастамасынан
Жұмыстың басталғаны туралы ресми хабарланғаннан бері анықталған бұзушылықтар туралы азаматтардың хабарламалары бойынша анықтама алу үшін +7 700 248 87 55 «шұғыл желі» іске қосылғаны туралы хабарланды.
«Дауыс» ҚБК Төлеген Күнәділовтің мәліметінше, сайлау күні, яғни 19 наурызда таңғы сағат 6:00-де қоғамдық байқаушылар коалициясы 9790 ашық сайлау учаскесінде мониторингті бастаған.
Таңертеңнен бастап Коалицияның ситуациялық орталығына сайлау учаскелеріндегі тыныш және қолайлы ахуал туралы ақпарат келіп түсті. Сайлау учаскелеріне келгеннен кейін байқаушылар сайлаушыларға арналған ақпараттық стендтердің рәсімделуін тексерді, сайлау жәшіктерінің пломбалануын бақылады. Сайлау комиссиясы мүшелерінің жұмысы әдеттегі режимде жалғасты, - деді ол.
«Дауыс» сайлаудың заңды, әділ, айтарлықтай заңбұзушылықтарсыз өткенін мәлімдеді.
Учаскелерде 15-ке жуық заң бұзу фактісі тіркелді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды облыстарындағы сайлау учаскелерінде отбасы мүшелерінің орнына дауыс беру әрекеттері болды. Алматы, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында бір сайлаушыға екі бюллетень берілген жағдайлар тіркелген. Дауыс берушілердің екі-екіден кабинаға кіруі тіркелді, - деп айтты Күнәділов брифингте.
Сондай-ақ ұйым байқаушылары бюллетеньдерге сайлау комиссиясы мүшелерінің алдын ала қол қойғанын да тіркеген.
Барлық факті бойынша тиісті актілер жазылды. Осылайша, барлық бұзушылық дер кезінде жойылғанын және жалпы алғанда сайлаудың заңдылығы мен ашықтығына ықпал етпегенін атап өткен жөн. Дауыстарды санау процесі де бақылаушылар тарапынан шағым тудырған жоқ. Байқаушылар сайлау процесінің соңына дейін болды, - деп түсіндірді байқаушы.
Бақылаудың басты мақсаты заңның сақталуын, ашықтық пен объективтілікті бақылау болғанымен, біздің байқаушылар тарапынан айтылған бірқатар ескерту кейбір қоғамдық ұйымдардың бақылаушыларының сайлау учаскелеріндегі орынсыз жүріс-тұрысына қатысты.
Мұндай іс-әрекеттердің көптеген фактілері сайлау процесін реттейтін заңнама нормаларын, оның ішінде байқау мәселелерін жеткіліксіз білу деңгейімен байланысты.
11 ақпанда «Дауыс» ҚБК Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат сайлауын объективті бақылау ниеті туралы мәлімдеме жасағанын еске сала кетейік.