Дауылда ойын алаңының төсемімен қоса ұшып кеткен баланың жағдайы қандай?

Қарағанды облысында қатты дауыл кезінде ойын алаңының төсемімен бірге ұшып кеткен балаға бірнеше операция жасалды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Х. Мақажанов атындағы Қарағанды облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері мәлім етті.

Almaty.tv ақпаратына сүйенсек, медицина қызметкерлері баланың қайта қалпына келуі туралы нақты болжам айта алмайтындарын жеткізді.

Мақажанов клиникасының мамандарынан құралған мульдисциплинарлы тобы: бет-жақсүйек реаниматолог-хирургі, анестезиолог, балалар ортопеді бірқатар ота жасады. Атап айтқанда бет скелеті сүйектері қалпына келтірілді, бұдан бөлек металл пластиналарын қолдана отырып бет сүйектеріне металлоостеосинтез жасалды. Сонымен қатар білек сүйектеріне жабық репозиция жүргізіліп, металл спицалар салынды, - деді аурухана басшысы Ерік Шонбаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 19 маусымда Қарағандыда қатты дауыл тұрды. Дауыл кезінде ойын алаңында ойнап жүрген үш бала төсеммен бірге жоғары көтеріліп кетеді де, басқа жаққа ұшып түседі. Салдарынан сегіз және тоғыз жастағы екі бала зардап шекті. Екеуі де бас жарақатын алды. Біреуінің миы шайқалса, екіншісінің маңдай, бассүйек, білек сүйектері сынғаны анықталды. Белгілі болғандай оқыс оқиға болған ойын алаңы әлі қолданысқа берілмеген екен. Яғни ойын алаңының төсемі бекітілмеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы