Дауылбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев азаматтарды онлайн және офлайн форматта жеке қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Астана, Алматы, Ақтөбе, Петропавл және Семей қалаларының тұрғындары көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, мардымды жауаптар алды.

Өңір тұрғындары вице-министрге белгілі бір объект бойынша рұқсат құжаттарын берудің заңдылығын тексеру, сондай-ақ азаматтардың тұрғын үй алуға кезектілігіне қатысты мәселелермен жүгінді.

Мәселен, Алматы қаласының тұрғыны Гүлмира Билялова қабылдауға тұрғын үй кезегіне қатысты өтінішпен жазылған. Ол 2011 жылдан бастап «Мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік ұйымның қызметкерлері» санаты бойынша кезекте тұр. Бүгінгі таңда Г.Билялова зейнеткер және аталған санатқа жатпайды. Айта кетерлігі, азаматша «Жасы бойынша зейнеткерлер» санаты бойынша үйге мұқтаждардың есебіне тұруға құқылы. Өтініш берушіге «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үй құқықтық қатынастарынан туындайтын дауларды сот шешеді деген жауап қайтарылды. 

Кәсіпкер Мария Ілиясова мемлекеттік органның құрылыс саласындағы әрекетіне шағым түсірді. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласы әкімдігінің және «Ақтөбе облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ әрекетсіздігіне шағымданды. «Сауран Инжиниринг» компаниясы 3 нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген. 2020 жылдың қыркүйегінде басқарма ЖШС-ні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап арыз беріп, ал 2022 жылы ЖШС-ні заңсыз алынған ақшалай қаражатты мемлекет есебінен қайтаруды жүзеге асыруға міндеттеу туралы талап арыз берген. Бүгінгі таңда прокуратура құрылыс-экономикалық сараптама тағайындады.

Өз кезегінде Ольга Дик заңсыз құрылыс төңірегінде мәселе көтерді. Айта кетерлігі, Астана қаласы қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасы «Morrow invest» ЖШС-не қатысты тексеру жүргізіп, шаралар қабылдады. Бүгінгі таңда профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізу туралы хабарлама, сондай-ақ кәсіптік бақылауды тағайындау туралы акт ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарына жіберілді. Еркебұлан Дауылбаев бұзушылық анықталған жағдайда Басқармаға бұзушылықтарды жоюға нұсқама берілетінін атап өтті.

Қабылдау қорытындысы бойынша келіп түскен өтініштерге түсініктемелер берілді. Жеке өтініштер бойынша консультативтік және заңдық сипаттағы көмек көрсетілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы