Дәурен Әбен: ҰҚШҰ-ға мүше елдер басымдықтарының бірі - бітімгершілік әлеуеті

ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік операциялары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес жүзеге асырылуы – біздің елдің мызғымас ұстанымы. ҚР Президенті жанындағы халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен осылай деді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

ҰҚШҰ саммитіне Армениядан басқа ұйымға мүше елдердің басшылары түгел қатысты. Бұған дейін кездесуге қатыспайтынын жария еткен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереван ҰҚШҰ-дан шығуға «алаң дайындап жатқан жоқ», бірақ алдағы қадамдар туралы ойлануға үзіліс алады деп мәлімдеген болатын. Саммит аясында тараптар жоспарлы мәселелерді қараумен шектелді: мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты, алдағы міндеттерді айқындады. Сонымен қатар, ҰҚШҰ елдерінің басшылары Беларусьтің 2023 жылғы ұйымға төрағалығының қорытындыларын шығарып, Қазақстанның 2024 жылғы төрағалық кезеңіндегі басым бағыттарын талқылады, - дейді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы.

Саммит аясында тараптар ұжымдық қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар құжат қабылдады.

Күрделі геосаяси жағдайда ҰҚШҰ алдында тұрған мәселелер өзгере қойған жоқ. Онын ішінде ерекше назар аударатын қазіргі заманғы қауіпсіздік қатерлері – халықаралық терроризм мен экстремизм, есірткі мен қарудың заңсыз айналымы, трансшекаралық қылмыс, заңсыз көші-қон, ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік саласындағы қылмыстар. Оған қоса, тараптар төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою бойынша ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін жүйелі түрде талқылап, нақты шаралар қабылдап келеді. ҰҚШҰ мүше елдерінің басымдықтарының бірі - ұйымның бітімгершілік әлеуеті. Қазақстан өз кезегінде осы әлеуеттің артуына БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысу және ҰҚШҰ-ның бітімгершілік және қауіпсіздік күштерін дамыту арқылы қомақты үлес қосып отыр. ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік операциялары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес жүзеге асырылуы – біздің елдің мызғымас ұстанымы, - дейді Дәурен Әбен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы