Дәурен Абаев ұлтшылдықты жоққа шығарып, сынаған жоқ – Ерлан Қарин
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кешеден бері әлеуметтік желіде әріптесім әрі жолдасым Дәурен Абаевтың мәлімдемесіне қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Мен Дәурен Әскербекұлымен біраз жыл қызметтес болдым. Біз Президент Әкімшілігіне дейін де ақпарат саласында бірге жұмыс істедік. Оның мемлекетшіл әрі ұлттық мүддеге берік азамат екенін жақсы білемін. Сондықтан, айтылып жатқан мәселеге бей-жай қарамай, оған өз пікірімді білдіргенді жөн көрдім деп жазды Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин facebook-парақшасында.
Біріншіден, кешегі сұхбатты мұқият көріп шықсаңыз, Дәурен мырза мемлекеттік тілді мүлдем кемсітіп отырған жоқ, ұлттық мүддемізді де ешкімге жығып берген жоқ. Ол Қазақстандағы орыс тілінің ахуалын түсіндіріп, оған қысым жасалып жатыр деген пайымның орынсыз екенін анық әрі дәйекті түрде жеткізді.
Екіншіден, менің әріптесім қызмет бабына орай, солтүстіктегі көрші елде болып жатқан ақпараттық дүрбелеңге байланысты мемлекеттік биліктің ұстанымын білдірді. Бұл ұстаным бәріңізге белгілі – Қазақстанда тіліне, наным-сеніміне бола адамды кемсітуге жол берілмейді. Мұнымен де ешкім дауласа қоймайтын шығар.
Үшіншіден, Дәурен Абаев жалпы ұлтшылдықты қоғамдық құбылыс ретінде жоққа шығарып, сынаған жоқ. Оның меңзеп отырғаны – әсіре ұлтшылдықтың көріністері. Мұның туған елі мен жерін сүйетін патриот азаматтардың ұлтшылдығына еш қатысы жоқ. Ал, саяси және қоғамдық идеологияда қандай да әсіре көзқарас пен іс-әрекеттен әрине сақ болған жөн, - деп жазды Қарин.
Оның ойынша, біздегі ұлтшылдық мемлекетшілдікпен астасып жатуы қажет. Қоғамдық іс-әрекетіміздің өлшемі мемлекетшілдік болуға тиіс. Ұлтын сүйген адам, ең алдымен, мемлекетінің болашағын ойлауы және соған қызмет етуі керек.
Біз қоғамдық дискуссияда жалаң ұраннан терең әрі байыпты диалогқа көшуіміз керек. Сондықтан, баршаңызды соңғы пікірталасқа сабырмен қарап, әріптесім Дәурен Абаевтың мәлімдемесінің мәніне терең үңілуге, оны дұрыс түсінуге шақырамын, - деді Президент көмекшісі.Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлына жауап берген пікірі жарияланған еді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
NIS мұғалімдері педагогикалық кеңеске қатысады
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы