Дәурен Абаев Қазақ күресі федерациясының президенті болып тағайындалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен қазақ күресі федерациясының жылдық есеп беру конференциясында Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев тізгінді ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа ұсынатынын хабарлады.
"Федерация осы уақытқа дейін үлкен жұмыс атқарды. Бірқатар ауқымды жұмыс жасалды. Осының бәріне басшылық еткен Арман Төлегенұлы қазақ күресі деңгейін, қазақ күресі брендін жоғары деңгейге көтеріп, үлкен жұмыс атқарылды. Сондықтан осы жұмысты жалғастырамыз деп айтқым келіп отыр. Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасында да ұлттық жәдігерлерімізді дәріптеу туралы кеңінен айтылған. Өйткені ұлттық спорт та ұлттық сананы, ұлттық рухты қалыптастырудың ұлттық коды болып саналады. Күрес арқылы қазақтың атын айдай әлемге танытқан, абыройымызды асырған Қажымұқан бабамыздың жолын жалғастырып, қазақ күресін биік белестерге жетелеу - маңызды да жауапты іс. Сондықтан федерация өкілдерінің маған артып отырған сенімдерін ақтауға тырысамын. Қазақ күресінің деңгейін арттыруға қатысты бірқатар жоспарымыз бар. Алдағы уақытта осы салада жүрген азаматтармен бірігіп сол шараларды жүзеге асырамыз деген сенімдімін. Қазақта "арық сөйлеп, семіз шық" деген сөз бар. Сондықтан осы сөздің нәтижесін көрсетуге тырысамыз деп айтқым келіп отыр", - деді министр.
Ол Шораевтың вице-президент қызметінде федерацияда жұмысын жалғастыратынын айта кетті.
"Федерацияны басқарғаныма алты жыл болды. Бүгін есеп беру конференциямызда Дәурен Әскербекұлы Абаев ҚР қазақ күресі федерациясының президенті болып тағайындалды. Көп жылдан бері қазақ күресі федерациясын басқарып келе жатырмын. Абаев министр кезінде де, оның алдында Елбасының баспасөз хатшысы ретінде де біздің жобаларымызға зор қолғабыс тигізіп келе жатқан азамат еді. Қазақ күресі, ұлттық құндылығымыз әрі қарай асқақтайды деп ойлаймын", - деді Шораев.