Дәурен Абаев: Нұрпейісовтің қазасын зор күйзеліспен қабылдадым
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қазасын зор күйзеліспен қабылдадым. Бұл – бәріміз үшін орны толмас қайғы, деп жазды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әбдіжәміл ағамыз – төл әдебиетімізге өлшеусіз еңбек сіңіріп, қазақ прозасының алып бәйтерегіне айналған тау тұлға. Өткен заманның талай зобалаңын абыроймен еңсеріп, әркез адамгершіліктің асқақ биігінде қала білген күрескер қаламгер. Талғампаз оқырманның жоғары бағасына ие болып, туған халқының ыстық ықыласына бөленген біртуар жазушы. Классиктің қаламынан шыққан «Қан мен тер», «Сең», «Соңғы парыз» сияқты қайталанбас туындылар барша адамзатқа ортақ құндылықтарды айшықтап, руханиятымызға мол мұра болып қосылды, – деп жазды министр.
Сондай-ақ министр ғасырға тарта ғұмыр кешкен қаламгердің ғибратты өмір жолы бәрімізге үлгі-өнеге екендігін айтты.
Абыз ағамыздың жарқын бейнесі әрдайым жадымызда сақталады. Марқұмның жақындары мен туған-туысына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын, – деді Дәурен Абаев.