Дәурен Абаев «Еуразия» кинофестивалінің қатысушыларымен кездесті

Алматыға жұмыс сапары барысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Ауыл» фильмінің көрсетіліміне барды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Белгілі режиссер Серік Апрымовтың жұмысы XVI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Ұлттық байқауына қатысып жатыр. 

Айта кетейік, қазақстандық жас режиссерлер тұңғыш рет «Еуразия» кинофестивалінің марапаттарына Ұлттық байқау аясында ие болуға мүмкіндік алды. Жалпы кинофестивальдің түрлі бағдарламаларына 50-ге жуық отандық және шетелдік фильмдер қатысты. 

Ұлттық байқауға «Ақын»  (реж. Дәрежан Өмірбаев), «Схема» (реж. Фархат Шәріпов), «Дос-Мұқасан» (реж. Айдын Сахаман) және басқа фильмдер ұсынылған. Халықаралық байқауда «Мәрмәр тастай суық» (Әзірбайжан-Франция; реж. Асиф Рустамов), «Ешқайда апармайтын жол» (Өзбекстан; реж. Камара Камалова) және «Құдайдың шақыруы» (Эстония – Латвия – Қырғызстан; реж. Ким Ки Дук) және басқа фильм режиссерлері бақ сынайды, - делінген МСМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Екі байқауда да жеңімпаздар келесі бес номинация бойынша марапатталатын болады: Үздік фильм, Үздік режиссерлік жұмыс, Үздік ерлер рөлі, Үздік әйелдер рөлі және қазылар алқасының арнайы жүлдесі.

Кинофестиваль аясында түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер мен презентациялар өтті. Онда сала өкілдері қазақстандық кинематографтың өзекті мәселелерін талқылады, кейін қатысушылар мен сала сарапшылары үшін  Work-In-Progress бағдарламасы ұйымдастырылды.

Бүгін, 18 желтоқсанда фестиваль жеңімпаздарының есімі белгілі болады. 15:00-де қонақтар мен қатысушылар қызыл кілем арқылы жүріп өтсе, 16:00-де марапаттау рәсімі басталады. 

Еуразия фестиваліне мықты фильмдер ұсынылған. Бүгін қазылар алқасы үздіктерді анықтайды. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді Дәурен Абаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы