Дәурен Абаев ел туризміне 3 деген баға қойды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Қазақстанның туризміне 5 балдық шкаланың 3 балын берді.
Дәурен Абаев еліміздің туризм саласында қандай проблемалар барын айтты.
Ең бірінші – инфрақұрылым. Мысалы, қазір осы жерден кез келген өңірге велосипедтен бара алатын болсақ, онда ол туризмді дамыта алады. Яғни инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласын дамыту қажет, - дейді министр.
Абаев атап өткендей, бізде бір туристен бір жылдық жалақысын алып қалғысы келетіндер де бар. Ойынша, бұл туризмді дамытпайды.
Біз тиімді инфрақұрылым жасап, қызмет көрсетуді дамытсақ, адамдар ол орындарға бір рет емес, тіпті 100 рет барады. Бұл бизнестің де табысын көбейтуге септігін тигізеді, - деп есептейді Мәдениет және спорт саласы басшысы.
Министр Қазақстанның туризмін 5 балдық шкаламен бағалады.
Қазіргі уақытта еліміздің туризміне 5 балдан 3 балл беруге болады деп ойлаймын. Өйткені қызық орындар, баруға тұрарлық, бір-біріне мүлде ұқсамайтын жерлер бар. Бізде бәрі бар, тіпті таудан тасқа дейін, орманнан шөлге дейін. Сондықтан 5 балға жету үшін инфрақұрылым мен сервисті дамытуымыз керек, - деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, елімізде кез келген туриске демалуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің туризм саласы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өткен болатын.
Отырысқа Президент Әкімшілігі, ҚР Парламенті, Үкімет өкілдері, министрліктің Қоғамдық кеңесінің мүшелері, «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы» АҚ, облыстық туризм басқармаларының басшылары, бизнес және туристік қоғамдастық өкілдері қатысып жатыр.