Дәурен Абаев былтыр ішкі туристер саны қаншаға жеткенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өтіп жатқан ішкі туризмнің проблемалары мен даму перспективаларына арналған «Үкімет сағатында» Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев былтыр ішкі туристер саны 5,2 млн-ға жеткенін айтты.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында туризм саласының маңызы ерекше. Эпидемиологиялық жағдай мен шекарадағы карантиндік шектеу шараларының себебінен келу туризмі бойынша көрсеткіштердің айтарлықтай төмендегені белгілі, - деді Мәдениет және спорт министрі.

Министрдің сөзінше, карантиндік талаптар жеңілдегеннен кейін бірқатар көрсеткіштің, оның ішінде ішкі туризмнің де жақсарғаны байқалып отыр. 

2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,2 млн адамды құрады. Бұл 2019 жылғы карантинге дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда 100 мың адамға артық. Сонымен қатар былтыр ұлттық парктерге туристердің ең көп келген жылы болды. Атап айтқанда, туристердің саны 2019 жылмен салыстырғанда 300 мыңға көбейіп, 1,5 млн адамды құрады. Әсіресе, Алматы тау кластерінің ұлттық парктеріне келушілердің еселеп артқанын атап өткім келеді: Іле Алатауы, Көлсай және Шарын, - деп түсіндірді Дәурен Абаев Мәжілісте.

Сондай-ақ орналастыру орындары көрсететін қызмет көлемі де өсіп келеді. Мысалы, былтыр 9 айдың қорытындысы бойынша (2020 жылмен салыстырғанда) 66%-ға өскені байқалады. Орналастыру орындары 182-ге, ал олардың бір жолғы сыйымдылығы 9 мыңнан аса көрсеткішке артты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы