Дәулет Тұрлыхановтың ұлы тағы сотталуы мүмкін
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат пробация жағдайын тағы бұзды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде Нұрасылдың мерекелік кеште отырған видеосы тарады. Ал сот шешімі бойынша Тұрлыхановтың ұлы пробациялық бақылауда тұр. Яғни уәкілетті органдардың сотталғандарға сот жүктеген міндеттерді орындауын және олардың мінез-құлқын бақылайды.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіндегілердің мәліметінше, Нұрасыл Болат бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жүр және Алматы қаласының пробация қызметінде есепте тұрды.
Пробациялық бақылауды бұзу фактісі бойынша сотталған адамға (Нұрасыл Болатқа) ескерту жасалды, жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселені шешу үшін сотқа материал дайындалып жатыр, – делінген комитеттің ресми жауабында.
Еске салайық, бұған дейін тамыз айында Нұрасыл Болаттың пробациялық бақылау кезінде қаланы аралап жүрген видеосы пайда болған еді. Сол кезде де ҚАЖК ішкі тексерісті бастағаны туралы айтылған болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда әскери қызметкер белгілі адвокатты соққыға жыққаны хабарланған. Бұл оқиға 11 ақпанға қараған түні Алматының сауда орталықтарының бірінің маңындағы паркингте болған. Іс қоғамдық дау тудырды.
Ал 9 қазанда сот Нұрасыл Болатты өзіне тағылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 1 700 000 теңге көлемінде айыппұл салды. 2024 жылғы 14 мамырда Жоғарғы Сот істі кассациялық тәртіпте қарап, үкімді өзгертті. Тұрлыхановтың ұлына 2 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, өтемақы мөлшері ұлғайтылды.