Дәулет Тұрлыханов қоғамдық жерлерге отбасымен бара алмай жүргеніне шағымданды

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов кальянның елге кіруіне, оның тұтыну заңдылығына тексеру жүргізуі қажеттігін айтып, Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде пайдасынан зияны көп, жас та кәрі де пайдаланатын осындай электрондық темекі, синтетикалық наркотик, бір ішсең, қайта-қайта іше бергің келетін энергетикалық сусын секілді зиянды заттар күннен күнге көбейіп барады. Солардың бірі – кальян, қор-қор түтіні. Бұл да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп, өскелең ұрпақты аздырып барады. Бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып қорқорлататын жағдайға жетті, - дейді депутат.

Тұрлыхан атап өткендей, жасөспірімдердің өзі топталып жиналып кальян шегеді.

Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Оған темекіден бөлек түрлі ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашишь те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан бір жан жоқ. Соның салдарынан бүгінде отбасымызбен қоғамдық жерге барып тамақ ішу мүмкін болмай қалды. Айналамыз көк түтін, оның заңсыз екенін ескеріп жатқан кәсіпкер жоқ. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Рас, кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым бар. Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген заңды бұзуға болады деген сөз емес қой. Бірақ пайдаға дәндеген кәсіпкерлер мұны пайдаланып қалуға тырысты, - деп шағымданды мәжілісмен.

Оның сөзінше, кальян таратушылар тек өздерінің ғана емес, қасындағы адамдардың да денсаулығына зиянын тигізіп жатыр. Қоғамдық орындарға тынығуға барған адамдар еріксіз көрші үстелде кальян шегушілердің түтінімен тыныстауға мәжбүр.

Бұған ескерту жасап, шағым айтсаңыз, көп болса, кальян шегушіге әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы мүмкін. Оның көлемі небәрі 15 АЕК мөлшерінде ғана. Ал осыны ұсынып отырған кәсіпкерге ешнәрсе де болмайды. Өйткені ол заңда көзделмеген. Сондықтан бұл мәселені де жіті қарап, заңнамалық негізде тоқтау салатын кез жетті деп білемін. Бұл ретте, Ұлттық экономика министрлігінің аталған мәселеге қатысты әрекеті мен ұстанымы көңіл көншітпейді. Әрине, экономиканы дамытқан жақсы, ел қазынасын қампайтатын түсімнің артқаны дұрыс. Бірақ ол халық денсаулығының есебінен болмауы тиіс, - дейді Дәулет Тұрлыханов.

Депутат қоғамды кальяннан арылтып, оған мүлдем тыйым салу қажет деп есептейді.

Ол үшін мынадай ұсыныстарын айтты:

  • Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, барша көңіл көтеру орындарына рейд ұйымдастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет.
  • Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс.
  • Үкімет елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзғандарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы