Дәулет Шабанбай он жылдан кейін Лондон Олимпиадасының қола медалін алды
Қазақстандық балуан Дәулет Шабанбай еркін күрестен «Лондон-2012» Олимпиадасының қола медалімен марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Белградта (Сербия) өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында Дәулет Шабанбайды марапаттау рәсімі өтті. Спортшыға медальді Біріккен күрес әлемі (UWW) басшысы, Халықаралық олимпиада комитеті атқарушы комитетінің басшысы Ненад Лалович табыстады.
Құрметті достар, туған халқым, Қазақстаным. Құдайға шүкір, көптен күткен медальді алдым. Халықаралық олимпиада комитетіне, Ненад Лалович мырзаға, Біріккен күрес әлемі президентіне, Ұлттық олимпиада комитетінің басшылығына, Ұлттық федерацияға алғыс айтамын. Барлығы мені жеке кұттықтап жатқанына қуаныштымын. Спортшыларымыз чемпион бола берсін, - деді Дәулет Шабанбай.
Белградқа қазақстандық спортшымен Ұлттық олимпипда комитетінің өкілдері мен әкесі Еркін Шабанбай еріп барды.
Спортшы марапаттарды қайта бөлу қаралғаннан кейін Олимпиада ойындарының жүлдегері тізіміне енді. Лондон Олимпиадасында Дәулет Шабанбай 120 келіге дейінгі салмақ санатында бесінші орын алған болатын. Алайда 2019 жылы грузин балуаны Давид Модзманашвили мен өзбек балуаны Артур Таймазовтың допинг сынамасын қайта тексергенде олардан тыйым салынған препараттар табылды. Спортшыларды спорттан шеттетіп, Лондон Олимпиадасындағы нәтижелерін жою туралы шешім қабылданды. Осылайша Дәулет Шабанбай Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.
Дәулет Шабанбай Азия чемпионатының төрт дүркін (2008, 2009, 2011, 2014) қола жүлдегері. 2014 жылы Азия ойындарының күміс медаліне ие болды.