Дәстүрлі құндылықтарды қорғауды күшейтеміз – Олжас Бектенов
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтай барысында дәстүрлі құндылықтарды қорғау, неке және отбасы институтын нығайту, мәдениетті дамыту саласындағы Президент қойған міндеттерді жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент дәстүрлі құндылықтарды қорғау, неке және отбасы институтын нығайту, зиянды нәрселерді, ерсі қылықтарды насихаттауға тосқауыл қою қажеттігін атап өтті.
Әділет министрлігі мен барлық мүдделі мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізіп, оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуі тиіс.
Президент мемлекеттік рәміздерге құрметпен қараудың маңыздылығын атап өтті. Мәдениет министрлігіне мемлекеттік рәміздерді пайдалануды реттеу жүйесін жетілдіру мақсатында қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырамын. Мәдениет, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Абай облыстарында театр құрылысын қаржыландыруды қамтамасыз етсін және Алматы қаласындағы театрлардың реконструкциясын жыл соңына дейін аяқтасын. Мәдениет министрлігі биыл Қазақстанның бірқатар нысанын және Абайдың “Қара сөздерін” ЮНЕСКО тізіміне енгізу рәсімін жүргізсін. Осы жұмыстың барлық кезеңін жан-жақты қолдауды қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заң жүзінде ресми бекіту қажет екенін айтқан еді.