Дәстүрлі емес ағымдар ұлттық бірегейлілікке қауіпті - сарапшы

Өткен жылы мамандар Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерінде 181 лаңкестік әрекеттің алдын алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сонымен қатар мамандардың мұндай жағдайдың алдын ала алмай қалған сәттері болды, оған биылғы жылы көктемде Ресейде,яғни «Крокус Сити Холлдағы» орын алған шабуылды жатқызуға болады. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі геосаяси қарама-қайшылықтар аясында лаңкестік әрекеттің трансформациясы жүріп жатыр.

Ал Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне келер болсақ, мәселені зерттеумен келе жатқан мамандар негізі,бұл өңірде лаңкестік қауіптердің болуының басты себебіне әлемдік және осы аймақтағы геосаяси өзгерістерді жатқызады.

Қазақстандық саясаттанушы Пердехан Шәмшиев соңғы екі жылда бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде діни экстремисттік көзқарас өкілдерін Ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты күштік құрылымдардың ұстап жатқаны туралы жаңалық жиілегенін айтады.

«Оған «қасіретті қаңтар» оқиғасы әсер етті. Сол қайғылы күндері ҰҚШҰ әскерін террористік қауіп болғасын ел аумағына енгізілген еді. Жалпы қаңтар оқиғасы мемлекетттік институттар мен қоғамдағы біршама мәселенің бетін ашты. 30 жыл қордаланған мәселелер қалың көпшілікке белгілі бола бастады. Қазіргі билік мұның бәрін қысқа ғана уақыттың ішінде шешуге мәжбүр. Сондай мәселелердің бірі діни экстремизм»,- дейді маман.

Діни экстремизмнің қаупі жайлы айтпас бұрын, ол оның шығу себебін талдау қажеттігін айтады. Себебі экстремистік көзқарастар өздігінен пайда болмайды.

Саясаттанушының айтуынша, оның себептеріне біріншіден, діни саладағы мемлекеттік бақлаудың әлсіздігі жатады. 30 жыл бойы мемлекет діни ахуал туралы білмеді дей алмаймыз. Тіпті дәстүрлі емес діни ағымдарды кейбір саяси ықпалды топтар саяси мақсатты көздеп қолдаған болуы мүмкін.

Екіншіден, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендеуі. Себебі діни болсын, өзге де салалық экстремизм халықтың тұрмысы нашар кезде тарайды.

Сонымен қатар маман сыртқы ықпал болуы да ықтималдығын айтады. Себебі Ресейлік Патша билігі қазақтарды отарлау кезінде ислам дінін қолданғаны тарихтан белгілі.

«Дәстүрлі емес діндердің қатарында салафизм ағымы да бар. Ол елімізге 1990 жылдары келе бастады. Әсіресе батыс өңірлерде белсенді болғаны белгілі. Ол несімен қауіпті? Ең алдымен дін саясат құралы екенін ұмытпаған жөн. Сол ағымда жүргендер өздерінің өзге елдің немесе іштегі тұрақтылыққа кері әсер ететін күштердің қолшоқпары екенін біле бермейді. Екіншіден, еліміздің ұлттық бірегейлілігі мен қауіпсіздігіне, дәстүлі көзқарасқа қауіп төндіреді. Қоғамда іштей бөлінушілікке алып келіп, елдің тұтастығын бұзады»,- дейді Пердехан Шәмшиев.

Қоғам белсендісі Жанат Қазақбай дәстүрлі емес ағымда жүрген азаматтар қазірдің өзінде төзімділік танытпай, кейде қарапайым азаматтарға күш көрсететінін айтады. Оған бірнеше мысал келтіруге болады. Мәселен, қоғам белсендісі үстіміздегі жылы Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісі соққыға жығылған сәтті айтады. Естеріңізде болса, жедел жәрдем қызмет маманын сақалды азамат ұрып, қашып кеткен болатын. Соңынан ол интернет арқылы халықтан кешірім сұрады.

«Мен бұл мәселені дінмен байланыстырамын. Бізде соңғы 30 жылда «Ескі Қазақстан» дейміз ғой дін қатты дамып кетті. Дінге кірген адамдар шариғатқа бағынады, Құранға бағынады. Ал біздің Ата заңымыз олардың шариғатына қарама қайшы. Сондықтан олар мойындамайды. Олар Түркістанда да хиджабпен мектептке оқушыны кіргізбегені үшін мұғалімге шабуыл жасады ғой. Бұлар осы арқылы біз сендердің заңдарыңа бағынбаймыз деп ашық көрсетіп жатыр. Біз шариғатқа, Құранға бағынамыз деп, яғни олар мемлекетке ашық қарсы шығып жатыр. Олар осылай үлгі көрсетіп жатыр. Мыны, қорқпаңдар, шыға беріңдер осылай деп. Мектеп директоры да, жедел жәрдем қызмет маманы да мемлекеттік қызметкер. Осындай мемлекеттік қызметкерге шабуыл жасайтындарды жазалайтын заңды қатайту керек. Екіншіден, дінге заң шығару керек. Мысалы, Кеңес одағында да бізде мешіттер болды, 30-50 мешіт болды Қазақстан бойынша. Мешітке не үшін келеді?Келіп, тек намазын оқып кету үшін барады, болды. Мешітке сол үшін келу керек. Басқаның барлығын жабу керек. Мынау желіге шығып олар жастардың миын улап, ағызып жатыр күніге, халықтың миын улап жатыр. Барлығын тоқтатып, заңды қатайтып, тоқтату керек. Себебі бұл ислам діні, ертең ана христиан діні шығады, «біздің де құқығымыз бар, бізде шығамыз», дейді. Ал сонда не болады? Қазақстанды быт-шыт қылайын деп тұр ғой бұлар. Тағы бір, басқа дін шығады, олар да шығады «біз уағыз жасаймыз, өз дінімізде деп,неге ислам жасайды, біз де жасамаймыз деп. Өйткені заң барлығына бірдей ғой, біздің де құқығымыз бар», дейді. Мыны мәселе қайда!Сөйтіп қазақ халқын быт-шыт қылады. Бұл өте қауіпті нәрсе. Бұл қазақ халқына келіп тұрған жымысқы, өте қауіпті жаудың біреуі. Қазақ халқын құртып, қазақ мемлекетін құрту үшін. Сондықтан бұл өте қауіпті нәрсе қазақ елі үшін, біздің мемлекетіміз үшін. Оған әр қазақтың баласы солай қарау керек. Бұл өте қауіпті құбылыс, өте қауіпті дүние»,- дейді қоғам белсендісі.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайды Орталық Азия елдерінен де байқауға болады. Үстіміздегі жылы Өзбекстан мұсылмандары басқармасы елдегі имамдардың әлеуметтік желіде шығуына шектеу қойды. Сол себептен барлық мешіт имамдарына әлеуметтік желіге кірмеуге және әлеуметтік желідегі жазбаларға «лайк» баспау туралы ескерту берілді. Мұндай ақпаратты естіген кейбір қазақстандықтар Қазақстанда да осындай әрекет жасау керектігін айтты.

Алайда әр мемлекеттің өз саясаты бар. Өзбекстандық сарапшылар Орталық Азия үшін қалыпты және дәстүрлі исламнан шариғат нормаларынан кез келген ауытқуларға төзбейтін радикалды исламға өту барын айтады. Бұл туралы олар «Орталық Азиядағы экстремизм және терроризм: қарсы іс-қимыл әдістерінде не дұрыс емес» тақырыбында өткен кезекті талдау барысында айтты.

«Мысалы, көптеген отбасылар жаңа жыл, туған күн сияқты мерекелерді тойламайды, ұлттық салт-дәстүрлерге де тыйым салынды. Әрине, мұндай мерекелерді тойлап, ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанатындар сынға ұшырап, қоғамда, көбіне отбасында, аға мен жас буын арасында алауыздық туғызады. Бұл қазірдің өзінде жастарды және жалпы қоғамды радикалдандыру жолындағы алғашқы қадамдар. Сонымен қатар, мұндай ортада ескі дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды ұстануды жалғастыратын адамдар мен отбасыларға төзбеушіліктің күшеюінің белсенді процесі жүріп жатыр. Бұл төзімсіздік тек отбасылық қарым-қатынаста ғана емес, басқа діндерге, әлеуметтік топтарға, ұлттарға қатысты да байқала бастады. Бұл ерекше алаңдаушылық тудырады. Қайтармас нүкте әлі өткен жоқ, бірақ қазір қуатты тежеу болып отырған бірден-бір нәрсе – дін саласындағы сауатты мемлекеттік саясат»,- дейді Ташкентегі аймақтық қауіптерді зерттеу орталығының сарапшысы Джахонгир Пірмұхамедов.

Қалай болғанымен діни экстремизммен күрестің осал жеріне мамандар мен сарапшылар ғалам торды жатқызады. Ғалам тор арқылы өздерін имам, уағызшылар, «дін мамандары» деп атайтындар белсенді түрде жұмыс істеп келеді. Сарапшылардың айтуынша, олардың басым көпшілігі жартылай сауатсыз, өздерінің дінге деген көзқарасын түсіндіру барысында жиі бұрмалау жасайды. Ал кейбіреулері түрлі діни экстремистік және террористік ағымдардың эмиссарлары болып келеді.

Автор: Сара Сыздық

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы