25 Шілде 2026, 09:48 Фото: instagram/chelseafc

Дастан Сәтбаев «Челсиде» 36-нөмірмен өнер көрсетеді

Қазақстандық шабуылшы маусым алдындағы турнеде 36-нөмірмен өнер көрсетеді.

Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтбаев Австралия мен Азиядағы жолдастық матчтар аясында 36-нөмірмен алаңға шығады.

Sportarena.kz мәліметінше, Дастан Сәтбаев кәмелет жасына толғаннан кейін, тамыз айында ресми түрде Лондонның «Челси» клубының ойыншысы атанады.

Англияға ауысқанға дейін «Қайрат» клубының түлегі Қазақстан чемпионатында өзін жарқын қырынан көрсетті. Нәтижелі ойынымен ол «Челсидің» скауттарының назарын аударды.

Енді қазақстандық футболшыны маусым алдындағы турне барысында Англия Премьер-лигасы командасы сапында өз мүмкіндігін дәлелдеу міндеті күтіп тұр.

Сәтбаевқа 36-нөмірлі жейде берілді.

Команда маусым алдындағы дайындық аясында «Вестерн Сидней Уондерерс», «Тоттенхэм», «Ювентус», «Милан» және Малайзияның «Джохор Дарул Тазим» клубтарымен кездеседі.