Дастан Сәтбаев ауыр жарақатпен матчқа шыққан – Ордабаев оқиғаның мән-жайын ашты
«Қайрат» футбол клубының ардагері Құралбек Ордабаев Дастан Сәтбаевтың Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылуына байланысты туындаған жағдайға түсініктеме берді. Бұл туралы ол футбол клубының Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы матч алдында Дастан өзін жайсыз сезінген, бірақ командаға көмектескісі келіп, ешкімге тіс жармаған. Соған қарамастан, ол толық ойын өткізіп, тіпті гол да соқты. Алайда матчтан кейін ауырсыну күшейіп, ол медициналық штабқа жүгінуге мәжбүр болды. Тексеру нәтижесінде сол жақ жамбас бұлшықетінде төрт сантиметрге жуық ісіну мен сіңірдің созылуы, микрожарықтар анықталған, - деді Ордабаев.
Маманның айтуынша, бұл жас ойыншының ағзасы үшін айтарлықтай жүктеме болғандықтан, дәрігерлер оған клуб базасында қалып, толық қалпына келу курсын өтуге кеңес берген.
Клуб бұл мәселені құраманың медициналық штабына хабарлап, ресми түрде келісімге келді. Өкінішке қарай, бұл жолы Дастан ұлттық құрамаға көмектесе алмайды, - деп қосты ол.
Құралбек Ордабаев «Қайрат» ойыншылары үшін Қазақстан намысын қорғау – әрдайым үлкен мәртебе екенін атап өтті.
Біздің жігіттер ешқашан құрамадан бас тартпайды. Ең бастысы – Дастанның толықтай сауығып, жаңа күшпен алаңға оралуы. Ол әлі де клубқа да, ұлттық құрамаға да көп пайдасын тигізеді, - деді Ордабаев.