Дарынды жастардың шетелге кетуін тоқтату үшін қандай шаралар қабылданды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде дарынды жастар көп. Алайда елде оқуын жалғастырғысы келетіндер аз. Көбі шетел асып, білім жолын қуғысы келеді. Осы ретте біздің білім саласына қандай инвестициялар тартылып жатыр? Шетелге кетіп жатқан жастарды елде қалдыру үшін қандай бастамалар қолға алынды? Осы сұрақтардың жауабын іздестіріп көрдік.

2020 жылы Қазақстанда жоғары білімі бар, жұмыспен қамтылған халық үлесі 42,6%-ды құрады

Негізі бұл салада жеке инвестицияларға қатысты жағдай мәз емес. Бизнес қоржынында білім беру саласының үлесі 2016 жылдан 2020 жылға дейін 2%-дан 0,6%-ға дейін құлдырады. Білім беру саласының дамуына қажет барлық қаржылық жүктеме мемлекеттік бюджетке жүктелді.

2020 жылы мемлекет тарапынан білім саласына 81,1% инвестиция салынды. 2016 жылы мемлекеттік сектор үлесі 57,6% пайызды құрады. Бірақ бұның өзі аз болды.

2015-2019 жылдары Қазақстан мемлекеттік бюджетінің білім саласына жұмсалған шығындары елдің ЖІӨ-інен 3,2%-3,6% аралығында өзгеріп отырды.


EnergyProm хабарлауынша, ЖІӨ-ге (пайыздық мөлшермен) шаққанда инвестициялардың мұндай деңгейі өте аз саналады. Тіпті көптеген әлем елінен қалыс қалады. ЮНЕСКО (ЖІӨ-нен 5%-7%) ұсынған көрсеткішке де жетпейді.

Білім беру саласының жеткілікті деңгейде дамымауы салдарынан 2020 жылы адами капитал индексінде Қазақстан төмен нәтиже көрсетті. Қазақстан 51-орынға түсіп кетті. Дегенмен бір жыл бұрын ғана еліміз 50-орынға тұрақтаған болатын.


Адами капиталдың дамуын көрсететін маңызды критерий – жоғары білім деңгейі. 2020 жылдың 4-тоқсанында Қазақстанда жоғары білімі бар, жұмыспен қамтылған халық үлесі 42,6%-ды құрады. Бұл ретте дамыған елдер бұл көрсеткіште кем дегенде 50%-ға жетуді көздейді.

Еліміздің 3 университеті ТОП-500 рейтингіне енді

Қазір QS WUR рейтингінде бар қазақстандық ЖОО-лар саны 13-ке дейін ұлғайды. Оның ішінде ТОП-500 рейтингіне еліміздің үш университеті ілінді. Олар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті.

Қазақстан білім және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының деректеріне сүйенсек, әлемдік рейтингтерде ЖОО-лардың интернационализациясы жоғары білім тиімділігі көрсеткіштерінің бірі саналады.

Осы жылы Үкімет жоғары оқу жүйесі инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін бірқатар бастаманы алға тартты.

Бастамалардың бірі – отандық 20 ЖОО өңір өсімінің орнына айналады. Пилоттық жоба Алматы облысындағы шетелдік ЖОО-да тәжірибеден өткізілді. Текелі моноқаласында Орталық Азия университеті білім беру кампусын салу үшін 500 млн доллар инвестицияламақ. Құрылыс процесі 4 кезеңге жоспарланды. Бірінші кезеңге салынған инвестиция көлемі - 105 млн доллар. Кампус биыл ашылады деп жоспарлануда.

2025 жылға дейін Қазақстан шетелдік жетекші ЖОО-лардың 5 кампусын ашуды жоспарлап отыр. Үкіметтің пікірінше, Қазақстанда халықаралық ЖОО-лардың болуы дарынды жастардың елден кетуін азайтады.

Айта кетейік, Қазақстанда соңғы 7 жылда шетелде оқитын студенттер саны 2 есе өсті. 100 мыңнан астам қазақстандық әлемнің 130 елінде жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Сәуірде үздіксіз білім беру концепциясы қабылданады. Аталған шаралар ел ішінде білім беру қызметтеріне деген сұранысты жоғарылатады. Бұл өз кезегінде осы салаға инвесторлар қызығушылығының артуына себепші болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы