Дарынды оқушылар қандай жағдайда "Болашақпен" оқи алмайды
Дарынды оқушы химиядан олимпиаданы жеңіп, бірақ тарихшы болғысы келсе, онда "Болашақпен" оқи алмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұмыс тобында өте маңызды норманы қабылдадық. Ол дарынды балалар, әсіресе халықаралық ғылыми сайыстарды, халықаралық пән олимпиадаларын жеңген балалар енді тағы бір мүмкіндікке ие болады. Яғни енді дарынды балалар бакалавриат деңгейі бойынша шетелдік ең мықты университеттерге "Болашақ" бағдарламасы бойынша түсе алады. Бұл өте маңызды. Өйткені бізде спортшыларға 250 мың доллар беріледі, ал меценаттар көлік мінгізіп жатады. Ал дарынды балаларға меценаттардан көмек жоқ деп айтуға болады, - деді депутат.
Асхат Аймағамбетов 2021 жылдан бастап Президенттің қолдауымен дарынды балаларға 5 млн теңгеге дейін бірреттік қаражат және Қазақстан университеттеріне ҰБТ тапсырмай, грантқа түсуге мүмкіндік берілгенін атап өтті.
Енді оған қосымша "Болашақ" бағдарламасымен оқуға түсу беріліп отыр. Бұл жерде оқушы өз пәні, яғни әлемдік додада химия бойынша жеңіске жетсе, онда осы пән бойынша шетелде білім ала алады. Ал енді химиядан жеңіп, тарихшы болғым келеді десе, онда шетелге ол пән бойынша оқуға түсе алмайды, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуына қарағанда, "Болашақ" бағдарламасымен түсетін олимпиадалар қатарына кез келген олимпиада емес, тек министрлік бекіткен тізімдегі үздік деп танылған халықаралық олимпиадалар ғана кіреді. Аймағамбетов әлемде бәрі білетін 10-15 олимпиада бар. Ол әрдайым ашық, әділ өтеді.
Бұған дейін депутат дарынды балаларға көрсетілетін тағы бір қолдау жайлы норма қабылданғанын айтқан еді.