Дарынды балаларға бір реттік сыйақы беріледі – Аймағамбетов заң жобасын таныстырды
Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов білім беру саласында қандай өзгерістер болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде баяндама жасады.
Аймағамбетов заңның ең маңызды нормаларына тоқталды.
Өткен жылы ең беделді халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беру жөнінде арнайы заң қабылдадық. Оған қоса "Болашақ" бағдарламасы аясында бакалавриат деңгейінде шетелдің озық университеттеріне түсу құқығын бердік. Мемлекет басшысы дарынды балаларды қолдау жөнінде тиісті тапсырма берген болатын, міне сол тапсырма аясында жұмысымыз жүріп жатыр, - дейді депутат.
Дарынды балаларға және оларды дайындаған ұстаздарға бір реттік сыйақы берілмек
Бүгін ұсынылып отырған заң жобасында дарынды және оларды дайындаған ұстаздарға бір реттік сыйақы беру туралы норма енгізіліп отыр. Біздің ойымызша, бұл өте маңызды норма. Өйткені жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға және талантты оқушыларды ынталандыру үшін маңызды шараның бірі. Мұндай конкурстардың жеңімпаздарына арналған ең жоғары төлем мөлшері 6 миллион теңге шамасында болады. Сонымен қатар, осы балаларды дайындаған педагогтарды да ынталандыру ұсынылуда, - деді ол.
"Түрлі тұлғалардың есімі беріле береді". Депутат заң жобасындағы ономастика мәселесіне қатысты өзгерісті атады.
Соңғы жылдары өздеріңізге мәлім, жекеменшік білім беру ұйымдарының саны көбейді. Түрлі тұлғалардың есімін ешқандай келісімсіз беру жиілеп кетті. Кейбір оқиғалар резонанс тудырған болатын. Енді жеке меншік білім беру ұйымдары тұлғалардың есімдерін бермес бұрын, ономастикалық комиссияның ресми мақұлдауын алуға міндеттеледі, - деді Аймағамбетов.
Оқушыларға "Ақылман" картасы енгізіледі
Ақылман картасы мектеп оқушыларына мәдени ұйымдарға баруға мүмкіндік береді. Осылайша олардың елдің мәдени өміріне атсалысуға мүмкіндік береді. Негізі мұндай бастамалар шетелде сәтті жүзеге асып жатқанын айта кетуіміз керек. Италия, Испания және Франция секілді елдерде осындай сәтті жобалар іске асты, - деді Асхат Қанатұлы.