«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жариялайды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы – ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында жыл сайын ұсынылады.
Байқау – әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, халық шығармашылығы номинациялары бойынша өтеді.
«Сыйлық алуға халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 29 жасқа дейінгі азаматтары сыйлық алуға үміткер бола алады», - делінген хабарламада.
«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды ұсынуды мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктердің өкілдері жүргiзедi.
Барлық жеңімпазға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «2019 жылғы Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, және олар дипломмен, төсбелгілермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Естеріңізге сала кетейік, «Дарын» жастар сыйлығы Мемлекет басшысының бастамасымен 1992 жылы тағайындалған болатын. Әр жылдары Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Илья Ильин, Денис Тен, Димаш Құдайбергенов, Мария Мудряк, «Муз АРТ» тобы, Қалқаман Сарин және басқада азаматтар аталған сыйлықты иеленген болатын.
2017 жылдан бастап «Дарын» сыйлығы жыл сайын табысталады.
Ізденушілердің құжаттарын 2019 жылғы 10 тамызға дейін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті келесі мекенжай бойынша: Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел көшесі, 8, Министрліктер үйі (15-кіреберіс, 549 кабинет), 8/7172/74-05-25, 8/7172/74-18-43 және premiya.daryn2019@gmail.com электрондық поштасы арқылы қабылдайды.