Дархан Қыдырәлі: Тарихымызда ашылмаған ақтаңдақ беттер аз емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуіне қатысты қоғамның белгілі тұлғалары пікір білдіріп жатыр. Солардың қатарында қазақстандық тарихшы-ғалым, профессор, Халықаралық түркі академиясының президенті және "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі де бар.

1992 жылы арнайы комиссия құрылып, өте нәтижелі жұмыс істеді. Алаш арыстарының көпшілігі ақталды, көптеген кітаптар шықты. 1993 жылы "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды. Дегенмен, Президент бүгінгі үндеуінде атап өткеніндей, ХХ ғасырдың 20-50 жылдары аралығындағы тарих беттерінде ақтаңдақтар аз емес. Кеңестер одағының солақай саясатына қатысты еліміздің түкпір-түкпірінде көтерілістер болғаны белгілі. Оларға қатысқандардың барлығы толық ақталған жоқ. 20-50 жылдар аралығы маңызды деп ойлаймын, себебі, репрессия, соғыс жылдарынан кейін де жалғасқан мысалы, Түркістан легионында болған тұтқындар әлі ақталған жоқ. Елуінші жылдардың басында да айыпталғандар болды. Олардың да ісі толық қаралды, деп айтуға келмейді. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты зерттеу жүргізу комиссия жұмысына кіреді, деген ойдамыз, - дейді ол.
Ғалым аталмыш мәселеде аймақтардағы мұрағаттарды да мұқият қарау керек деген пікірде. 
Қазақстанға келген депортация өкілдерінен, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарынан да қажетті ақпаратты жазып алу керек. Себебі, бұл біздің ортақ тағдырымыз.  Сол 20-50 жылдардағы репрессия арқылы тағдырдың жазуымен, Қазақстан халқы қалыптасты. Өзге елдерден депортацияланған халыққа қазақ өзі ашаршылықты бастан өткеріп жатса да,  құшағын ашты, үзім нанын бөліп берді. "АЛЖИР", "КарЛАГ" лагерлерінде тұтқындарға ауыл тұрғындарының құрт лақтырғаны жайлы аңыз бар. Мұның бәрі бекер емес.  Саяси қуғын-сүргін жылдарында бірқатар ұлт зардап шекті және сол тағдыр қосқан ұрпақ бір халықты қалыптастырды деуге болады. Бірақ, қазіргі ұрпақ осы тарихты ұмытыңқырап қалды. Саяси репрессия және ашаршылық болған зұлматты жылдардан қазіргі жас буынның хабары аз. Сондықтан, біз тарихымызға тағзым ете отырып, тағылым алуымыз керек. Бұл мәселе тек зерттеп-зерделеумен шектеліп қалмай, көркем шығармалар, БАҚ арқылы да насихатталуы қажет.  Себебі, бұл тарих қана емес, бұл – біздің тағдырымыз, - дейді ғалым.
 
Дархан Қыдырәлінің айтуынша, мемлекеттік комиссия жұмысына тарихшылардан бөлек, демографтар қатысуы қажет. Өйткені, сол тұста еліміздің демографиясына зор соққы тиді. 
Сондай-ақ архив мамандары, этнографтар, осы бағытта қалам тербеп жүрген қаламгерлер, қоғам қайраткерлері тартылуы керек, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ашық дереккөз
Өзгелердің жаңалығы