Дәріханалардан неге дәрі жоғалды? Тапшылықтың нақты себебі аталды
Биыл қаңтар айында қазақстандықтар желіде дәріханаларда негізгі дәрі-дәрмектің жоқтығына байланысты жаппай шағымдан болатын.
Биыл қаңтар айында, яғни Жаңа жыл мерекесінен кейін қазақстандықтар желіде дәріханаларда негізгі дәрі-дәрмектің жоқтығына байланысты жаппай шағымдан болатын. Көптеген қарапайым дәрінің сөрелерден жоғалып кету себебі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еуразиялық медициналық қауымдастықтың дәрілік заттар мәселелері жөніндегі атқарушы директоры Жұпар Байпақбаева дәріге қатысты халық арасындағы дүрбелеңнің себебін түсіндірді.
Айтуынша, бұл жағдай нарықтың Салық кодексіндегі алдағы өзгерістерге реакциясы болуы мүмкін. Фармацевтикалық компаниялар мен дистрибьюторлар жаңа салықтар бағаның өсуіне әкелуі мүмкін екенін сезіп, ескі бағамен жеткізілім жасауға тәуекел етпей, күтуге шешім қабылдаған.
Нарық белгілі бір өзгерістерді сезсе немесе қандай өзгерістер болатынын көрсе, бизнес әрдайым оған бейімделуге, жауап беруге тырысады. Мысалы, кейбір компаниялар белгілі бір кезеңде өнімді әлі шығармауды, күтіп көруді шешуі мүмкін, тәуекелге бармауды таңдайды. Дәріхана сөрелерінен кей препараттың көрінбеуі сол сияқты факторларға байланысты болады. Бірақ кез келген шешім қабылдамас бұрын, қандай да бір өзгерістер енгізбес бұрын олар міндетті түрде талдау жүргізеді: қолдағы қорлар қанша уақытқа жететінін, әрі қарай қандай түзетулер мен өзгерістер енгізуге болатынын қарастырады. Мұның бәрі Салық кодексіне ауысу үдерісімен байланысты. Сол себепті кейбір препараттарды әлі сол күйінде ұстап отыр, өйткені жаңа кодекс енгізілгеннен кейін бағаны қайта қарауға тура келуі мүмкін, - деп түсіндірді Жұпар Байпақбаева Қазақстанның фармацевтикалық саясатына арналған форумның кулуарында берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол шекті бағалар салық кодексі енгізілгенге дейін бекітілгенін ескертті.
Енді кодекс күшіне енгеннен кейін белгілі шешімдер бар: кейбір препаратқа Салық режимі қолданылмайды. Ал кейбір медициналық және фармацевтикалық тауарларға жаңа салық жүйесі енгізілмек, - деді Жұпар Байпақбаева.