Дәрігерлерге миллиондар төленіп жатыр: Кім және қанша алады?
Үкімет медицина қызметкерлерін тарту үшін тұрғын үй, жәрдемақы және басқа да жеңілдіктер ұсынады.
Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ауылдық жерлер мен моноқалаларға барған медицина қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, заңға сәйкес жергілікті билік дәрігерлер мен фармацевттерді қолдау тетіктерін өздері белгілейді. Бұл қолдауға қызметтік тұрғын үй беру, бір реттік жәрдемақы төлеу, коммуналдық шығындарды өтеу және басқа да жеңілдіктер кіреді.
2025 жылы Қазақстан бойынша 1 760 дәрігер әлеуметтік қолдау алған. Оның ішінде 1009 дәрігер ауылдарға, 205 дәрігер моноқалаларға жұмысқа барған.
Әсіресе моноқалаларға барған мамандарға қомақты қаржы төленген. Мысалы, 137 дәрігерге 3 млн теңгеден 8,5 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы берілген. Сонымен қатар, 112 дәрігер баспанамен қамтамасыз етіліп, кейбіріне коммуналдық төлемдер өтелген, балабақшаға орын берілген және отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру сияқты қосымша қолдау көрсетілген.
Мұндай көмекті алған қалалардың қатарында Теміртау, Балқаш, Жаңаөзен, Риддер және басқа да моноқалалар бар.
Үкімет бұл шаралар арқылы ауылдар мен моноқалалардағы медицина кадрларының тапшылығын азайтуды көздеп отыр. Сонымен қатар, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мен оларды қолдау басты назарда екені айтылды.
Бұған дейін медициналық білімде өзгеріс болып, интернатура 1 жылға ұзартылуы мүмкін екені айтылды.