Қызылордадағы жол апаты: зардап шеккен адамдар дәрігерлердің жіті бақылауында

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда маңында көлік апатынан зардап шеккен адамдардың денсаулығы дәрігерлердің жіті бақылауында. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

3 желтоқсанда таңертең Құмкөл-Қызылорда бағыты бойынша келе  жатқан жолаушылар автобусы Қызылорда қаласынан 70 шақырым жерде көктайғақ салдарынан жол апатына ұшырады. Көліктің ішінде  36 адам болған.
Оқиға орнына құрамында реаниматолог және травматологы бар 7 жедел медициналық көмек және санитарлық авиация бригадалары дереу жетті. Зардап шеккен азаматтарға  шұғыл медициналық көмек көрсетілді, - делінген хабарламада. 

Жол-көлік апаты салдарынан  8 адам қайтыс болды. 7 адам оқиға орнында,  ал қатты жарақат алған 1 адам жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.

Зардап шеккен 21 жолаушы  қазір Қызылорда қаласындағы  медициналық ұйымдарға жатқызылды. Оның ішінде 17 адам облыстық көпбейінді ауруханада (5 науқас реанимация бөлімшесінде) жатыр, 4 пациент қалалық ауруханада (1 пациент реанимация бөлімшесінде жатыр). Барлық пациент дәрігерлердің бақылауында және тиісті ем қабылдауда.  Қажет болған  жағдайда,  санитарлық авиация борты мен мобильдік бригада  науқастарды орталыққа тасымалдауға  дайын  тұр, - деді ведомствода.

Естеріңізге сала кетейік, 3 желтоқсан күні сағат 05:25-те Қызылорда-Құмкөл автожолында көктайғақтың кесірінен жолаушылар автобусының жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалып, аударылған болатын. Оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 21 адам емдеу орындарына жатқызылды. Тоқаев Қызылорда облысында жол апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтқан болатын.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы