Дәрігерлерді ұрғандар кемінде 2 млн теңге айыппұл арқалауы мүмкін: Депутат ұсынысқа қарсы шықты

Мәжілістің жалпы отырысында медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған заң жобасын талқылау барысында депутаттар арасында қызу пікірталас болды. Депутат Снежанна Имашева ұсынылған айыппұлдар мен санкциялар тым қатаң болуы мүмкін екенін атап өтіп, бірқатар сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Снежанна Имашеваның айтуынша, жоба бойынша дәрігерге өміріне қауіп төндірмейтін күш қолданғаны үшін немесе жай ғана қорқытқаны үшін ең төменгі айыппұл 500 АЕК (шамамен 2 млн теңге) болып бекітілген.

Депутат бұл норманы сынға алды.

Толыққанды күш қолданылмаған, тек қорқыту бар немесе итеріп жіберген жағдай үшін бірден 2 миллион теңгеден 4 миллион теңгеге дейін айыппұл белгіленіп отыр. Немесе ең көбі – 3 жылға бас бостандығынан айыру. Бұл қаншалықты орынды? – деді ол.

Имашева екі медицина қызметкеріне, мысалы, фельдшер мен жүргізушіге қауіп төндірілген жағдайларда айыппұл қолдану мүмкіндігі мүлде болмай, бірден 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылатынын атап өтті.

Мұнда да ешқандай күш көрсетілмеген, ешкімнің саусағы сынбаған, бірақ жаза бірден ауыр. Неге ең төменгі шек ретінде 2 миллион теңге қойылды? ҚК бізге төменгі шекті бекітпеуге мүмкіндік береді ғой, – деді депутат.

Депутат Асхат Аймағамбетов әріптесінің сұрағына жауап бере отырып, мұндай санкциялар жаңа тәжірибе емес екенін айтты.

Қолданыстағы қылмыстық заңнамада дәл осындай санкциялар бар. Мысалы, егерьлерге қатысты бапта диспозиция да, санкция да бірдей, тек субъект өзгерек – егерь мен медицина қызметкері, – деді ол.

Аймағамбетов басқа да мамандықтарға қатысты дәл осындай нормалар бар екенін атап өтті.

Пенитенциарлық жүйе қызметкерлеріне қорқытқан жағдайда тіпті айыппұл да жоқ – бірден 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Бұл олардың жұмыс жағдайының ерекшелігіне байланысты. Сондықтан біз ұсынылған нормаларда құқықтық сәйкестік принципін ұстандық, – деді ол.

Оның айтуынша, құқық қолдану тәжірибесін зерделеу мақсатында Бас прокуратурамен, ІІМ-мен және тергеушілермен ұзақ талқылаулар жүргізілген.

Снежанна Имашева өз уәжін жалғастырып, егерьлерге қатысты норманы салыстырмалы мысал ретінде келтірді.

Егерьлерге қатысты бапта төменгі шек жоқ. Судья жағдайға қарап, айыппұл мөлшерін өзі белгілей алады. Және статистика көрсеткендей, егерьлерге шабуыл сирек, жылына 5 жағдай болса, оның тек екеуі сотқа жетеді. Ал дәрігерлер күн сайын адамдармен жұмыс істейді, олардың арасында ауыр жағдайдағылар да, күйзелген туыстар да бар, – деді ол.

Депутат ең төменгі айыппұл мөлшерін 2 миллион теңгеден бастау дұрыс емес болуы мүмкін екенін атап өтті.

Бізбен жұмыс істейтін адамдар — сырқат жандар немесе олардың туыстары. Ең төменгі шекті алып тастап, сотқа таңдау құқығын берген жөн емес пе?, – деп сұрады.

Асхат Аймағамбетов әріптесінің сұрағына жауап берді.

Егерь қарумен жүреді, ал дәрігер фонендоскоппен ғана жүреді. Бұл — мүлдем бөлек жағдай, – деді.

Ол сондай-ақ билік өкілдері (әкімдер, депутаттар), сот және прокуратура қызметкерлері, пенитенциарлық жүйе мамандары үшін ерекше қорғаныс нормалары бұрыннан бар екенін еске салды.

Бұл нормалар көптеген елде бар. Біз заң мен тәртіп принципін сақтауымыз керек. Егер талабымыз Сингапурдағыдай тәртіп қажет десек, онда оның құқықтық негіздерін де қабылдауымыз керек, – деді депутат.

Аймағамбетов сондай-ақ жаңа бап бойынша тек қатаң жаза ғана емес, балама шаралар — қоғамдық жұмыстар мен айыппұлды да қарастырылғанын атап өтті.

Ешкім бірден түрмеге жабылмайды. Қоғамдық жұмыс та бар, айыппұл да бар. Бірақ адамды ұрып-соғуға, қорқытуға ешқандай жағдай болмауы керек, – деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы