Бүгiн 2026, 17:32 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Медициналық мәліметтерді интернетте таратуға тыйым салынуы мүмкін

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа ереже әзірледі.

Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру саласына қатысты бірқатар ведомстволық нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер әзірледі.

Ведомство таратқан мәліметке сүйенсек, өзгерістер техникалық және ұйымдастырушылық рәсімдердің жекелеген тұстарын жетілдіруге, сондай-ақ құжат айналымы кезінде қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қорғау деңгейін күшейтуге бағытталған.

Жобаға сәйкес, республиканың арнайы мемлекеттік органдарына қарасты кейбір денсаулық сақтау ұйымдары үшін бірлескен сақтандыру шарттарын жасау, өзгерту және бұзу тәртібі нақтыланады.

Сонымен қатар таралуы шектеулі ақпаратты қорғаудың қосымша шараларын енгізу ұсынылып отыр. Оның ішінде құжат айналымының ерекшеліктері мен заңнамада көзделген жағдайларда жекелеген мәліметтерді интернет-платформалар арқылы таратуға шектеу қою қарастырылған.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл өзгерістердің техникалық және нақтылаушы сипатта екенін атап өтті. Олар ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай рәсімдерді реттеуге бағытталған және халыққа медициналық көмек көрсету тәртібіне өзгеріс енгізбейді.

Сондай-ақ түзетулер пациенттердің құқығына, медициналық қызмет алу шарттарына әсер етпейді және азаматтарға қосымша жүктеме жүктемейді.

Жоба жүзеге асқан жағдайда ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттырып, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру үдерістерін тиімдірек реттеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Құжат 11 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды.