Дәрігерлерді даярлаудың жаңа жүйесі: ДСМ реформаның мәнін түсіндірді
Министрлік жаңа модельде интерн мәртебесі күшейтіліп, тәжірибе артатынын айтты.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық білім берудің жаңа моделін енгізіп жатыр. Бұл жүйе 2026 жылдан бастап жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерге қатысты қолданылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова алдағы өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді.
Министрдің айтуынша, жаңа жүйеге сәйкес дәрігерлердің базалық даярлығының жалпы ұзақтығы жеті жылды құрайды: алты жыл университетте оқу және бір жыл интернатура. Диплом алған түлек бірден емханада немесе стационарда жұмысқа кірісе алады, не болмаса тар бағыттағы мамандық алу үшін резидентураға түсуіне болады.
Негізгі жаңалықтардың бірі – дәрігер-интерн мәртебесінің енгізілуі. Енді ол жай ғана студент емес, белгілі бір жауапкершілігі мен практикалық дағдылары бар толыққанды маман ретінде қарастырылады.
Бұл өзгерістер тек 2026 жылы оқуға түсетіндерге қатысты. Жаңа жүйе бойынша алғашқы түлектер 2033 жылы бітіріп шығады. 2021 жылы оқуға түскендер бұрынғы жүйемен білімін жалғастырады. Интернатураны аяқтағаннан кейін олар емханаларда дәрігер болып жұмыс істей алады немесе резидентураға түсе алады, – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Ал 2022-2025 жылдар аралығында медициналық жоғары оқу орындарына түскен студенттер үшін оқу мерзімі алты жыл болып қала береді. Дегенмен бұл санаттағы студенттердің оқу бағдарламасы күшейтілген: оқу сағаттары едәуір көбейіп, интернатурадағы практикалық база кеңейтілген.
Диплом алғаннан кейін түлектер бірден алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету деңгейінде жұмыс істей алады немесе резидентураға оқуға түсуіне мүмкіндік бар. 2021 жылы түскен студенттердің оқуын аяқтау мерзімі 2027 жылға жоспарланған.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жаңа модельдің басты артықшылығы – икемділік пен клиникалық тәжірибенің тереңдеуі. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау жүйесіне білікті мамандарды жылдамырақ дайындауға мүмкіндік береді.
Қазір медициналық жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттер үшін оқу ұзақтығы мен мансаптық бағыты (жұмысқа орналасу немесе резидентура) бұрынғы шарттармен сақталады. Жаңа модельдің артықшылығы – базалық және клиникалық тәжірибенің артуы, дәрігерлерді даярлау сапасының және медициналық көмектің жақсаруы, – деп атап өтті министр.