Дәрігерлерді алдаған: Жетісу облысындағы ауруханада жанжал туды
Жетісу облысындағы Панфилов көпсалалы ауданаралық ауруханасының дәрігерлері мекеме басшылығына шағымданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Медициналық мекеме ұжымы Президенттің атына бейнеүндеу жолдап, аурухана әкімшілігіне, бас бухгалтер мен экономистке қатысты тексеру жүргізуді талап етті. Дәрігерлер жалақы мен сыйақы есептеу кезінде көптеген заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеді.
Олардың айтуынша, тиісті 0,5 мөлшерлеме орнына көптеген қызметкер небәрі 0,25 мөлшерінде ғана жалақы алады, ал декларацияда көрсетілген 350 мың теңге іс жүзінде 140 мың теңгеге дейін қысқарады. Сонымен қатар дәрігерлер дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі туралы да айтты.
Медициналық қызметкерлердің сөзінше, аурухана жүргізушілері қызметтік көліктердің жарамсыздығына байланысты мәжбүрлі түрде ақысыз демалысқа жіберілген. Бұл да еңбек заңнамасының бұзылуы деп есептейді олар.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселеге байланысты барлық жайтты жан-жақты әрі объективті қарастыру үшін басқарма басшысының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
Аталған мәселе бойынша комиссия тексеру жүргізіп жатыр. Оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешімдер қабылданады, — деп хабарлады басқарма.