Дәрігерлер жүректің жұмысын тоқтатпай бірегей операция жасады
Маңғыстау облыстық көп бейінді ауруханасында МӘМС-тің есебінен 76 жастағы пациентке жүректің орталық қақпақшасының протезін эндоваскулярлық имплантаттау бойынша қымбат операция жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Маңғыстау тұрғынына қойылған диагноз-күрделі қолқа стенозы. Бұл аорта қақпақшасының тарылуымен сипатталатын жүрек патологиясы, сол жақ қарыншадан қан ағынын қиындатады. Бүгінгі күні бұл ең көп таралған жүрек ауруларының бірі. Ауру жылдар бойы бас ауруымен, тұншығу ұстамаларымен, тез шаршаумен және естен танумен қоса жүрді. Пациент үшін жалғыз ем хирургиялық араласу болды. Бірақ мұнда да қиындықтар бар. Қосалқы аурулары мен жасына байланысты ашық жүрекке операция жасау кезінде асқыну қаупі жоғары, бұл пациенттің өміріне үлкен қауіп төндіреді.
Медициналық зерттеп-қарау барысында 1947 жылы туған пациентте қолқа қақпақшасының күрделі стенозы анықталды. Көптеген қосалқы ауруларын - бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі, өкпе ауруын (өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы түрінде), қан ағымының төмен фракциясын (яғни жүректің жиырылу функциясының төмендеуі) ескере отырып, пациентті ашық операцияға алу қаупі жоғары болды. Сондықтан қолқа қақпақшасын эндоваскулярлық имплантаттау туралы шешім қабылданды.
Мастер-класс шеңберінде «Ұттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ-дағы әріптестерімізбен - интервенциялық кардиология және радиология бөлімінің меңгерушісі Серік Алмазұлы Әлімбаевпен және катетеризациялау зертханасының меңгерушісі Абдурашид Әбдуғаниұлы Мұсаевпен, сондай-ақ МОКА интервенциялық кардиологы Абай Жиенайұлы Қазиевпен, МОКА кардиохирургы Ерболат Қайратұлы Әбдікеровпен бірлесіп қолқа қақпақшасын эндоваскулярлық имплантаттуды сәтті жүргіздік (TAVI операциясы). Бұл жүрек қақпақшасын жасанды түрге ауыстыру операциясы, ол жүректің қалыпты режимде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, - деді Маңғыстау облыстық көп бейінді ауруханасының кардиохирургиялық орталығының жетекшісі Талғат Базылбекұлы Жақиев.
Дәрігерлер ең күрделі операцияны жамбас аймағында кішкене тілу арқылы жасады. Жүрек қақпақшасын артерия арқылы орнату процесінің өзі керемет. Американдық Evolut R («Medtronic») соңғы буынының өздігінен ашылатын қақпақшасы нитинолды өздігінен ашылатын жақтауды - үш перикард жармасы тігілген никель мен титанның қорытпасын білдіреді. Дене температурасының әсерінен бүктелген протез 15 минуттың ішінде қан ағымын қалпына келтіріп, қажетті пішінді алады. Бір импланттың құны -6,5 млн теңге.
Бүкіл операция ашық жүректегі манипуляциядан айырмашылығы, жасанды қанмен қамтамасыз ету аппаратынсыз жұмыс істеп тұрған жүрекке жасалады. Пациент есін біледі, жергілікті анестезия жасалды. Осылайша, біз жүректі тоқтатып, тәуекелге барған жоқпыз, бұл егде жастағы пациенттер үшін өте қауіпті. Қақпақшаның бірегейлілігі - операция кезінде барлық жұмыс өлшенеді. Бұл қақпақша стенозға қарамастан қанды өткізеді және қан айналымын тоқтатпайды. Бұл өте маңызды сәт, өйткені миллиметрлер өте үлкен рөл атқарады. Ескі қақпақшаның үстіне біз қанның өтуі үшін ашылатын және жабылатын жармалары бар жаңасын орнаттық. Әріптестеріміздің тығыз жұмысының арқасында операция сәтті өтті. Пациент өзін жақсы сезінеді, - деді Талғат Базылбекұлы.
Жүрек аймағында бір тіліксіз операция 45 минутқа созылғанын айта кету керек. Қалпына келтіру кезеңі қысқа - бір аптаның ішінде пациент әдеттегі толыққанды өмірге оралып, үйіне шығарылады.
Зейнеткерлік жастағы адамдар МӘМС-тің жеңілдікті санатына кіретінін, олар үшін мемлекет төлейтінін және МӘМС және ТМККК пакеттерінде медициналық көмектің барлық тізбесін тегін алатынын естеріңізге сала кетейік.