Дәрігерлер пневмониядан өкпе тамырлары бітелген науқасты аман алып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының 34 жастағы тұрғыны бір ай бұрын босанып, артынша пневмония ауруына шалдыққан. 

Кейіннен науқас облыстық клиникалық ауруханада өкпе қабынуынан ем қабылдап, беті бері қарайды. Алайда, вирусты пневмония салдарынан, өкпе тамырларының тромбоэмболиясы, яғни қантамырларының бітелуі болып, қан айналымының тоқтауы байқалады. Облыстық клиникалық ауруханасының дәрігерлері шұғыл түрде 90 минут бойы жансақтау әрекетін жасаған. 

Жүрекке аппарат арқылы массаж және қарқынды терапия қолданудың арқасында әйел аман қалды. Ешбір асқынусыз емін толық қабылдап, отбасына оралды. 

Дәрігерлердің айтуынша, клиникалық бақылаулар көрсеткендей, өкпе қабынуынан кейін қан қоюланып, өкпе және жүрек қантамырларының бітелуіне соқтыруда. Науқастарға сол себепті де қан ұю процесін тежеп, тромбтың алдын алу үшін қан сұйылту дәрі-дәрмектерін тағайындайды.

COVID-19 немесе вирусты пневмониямен ауырғаннан кейін науқастың толық жазылу мерзімі 14 күннен 6 айға дейін созылады. Қант диабеті, артериялық гипертензия және басқа да созылмалы аурулары бар науқастарда сауығу кезеңі әдеттегіден ұзағырақ болады. Сондай-ақ, көпке дейін бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, тершеңдік және тез шаршау белгілері байқалады. Ағзаға үздіксіз күтім керек. Уақытылы демалып, дәрумендерге бай, құнарлы тамақтану арқылы иммунитетті күшейту қажет. Кейбір азматқа тіпті тыныс алуды қалпына келтіру және психологиялық қолдау талап етіледі, - дейді Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Қалия Толшыбаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы