Дәрігерлер асқазан-ішек ақауымен дүниеге келген сәбиді аман алып қалды

Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері туабітті асқазан-ішек ауруымен дүниеге келген нәрестеге ота жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Медицина тілінде гастрошиз диагнозы деп аталған ауру елімізде сирек кездеседі.

Балалар ауруханасының неонаталды хирургия бөлімшесінің дәрігерлеріне облыстық перинаталдық орталығынан хабарлама келіп түскен. Онда босану бөлімінде гастрошиз диагнозы расталған нәрестенің анасына кесар отасын жасауға дайындалып жатқаны айтылған.

Туабітті асқазан-ішек ақауымен жарық дүние есігін ашқан нәрестеге екі сағаттан астам уақыт бойы жасалған ота сәтті аяқталды. Нәресте қазір ана мен бала орталығында ем алып жатыр. Оны неонатальды хирург, анестезиолог және ота жасау бөлімінің мамандары тұрақты түрде бақылауға алды. Қажетті ем-дом тағайындалған. Дәрігер-неонатологтар, мейіргерлердің күтімі арқасында ол энтеральды тамақтануды бастады. Жақын уақытта үйіне шығарылады, – дейді неоанатальды хирургия және интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Алмаханова.

2017 жылдан бері бөлімшеде жыл сайын түрлі ақаумен 100-120 науқас сәби ем қабылдайды. Олардың барлығы хирургиялық ем қабылдап, ата-анасына аман-есен тапсырылуда. Осындай маңызды әрі күрделі оталарды жасауда бірінші дәрежелі неонатальды хирург-эндоскопист Серік Нүсіпқожаев, анестезиолог Мақсат Әбдібахиев, неонатологтар Мөлдір Алмаханова, Мереке Алтынбекова сынды білікті мамандар жемісті еңбек етіп келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы