Дәрігердің дипломын алып, ІТ-ге бет бұрған Жадыра Қожамұратова
Мамандық ауыстыру ешқашан кеш емес. Тіпті медицина университетін бітіргеннен кейін де мүлдем басқа салаға бет бұру – ерік-жігер мен тәуекел етудің айқын мысалы. Сөзімізге Жадыра Қожамұратованың мамандығын ауыстыруы дәлел. Ол дәрігер боламын деген балалық арманына қол жеткеннен кейін мүлдем бейтаныс бағытқа жол тартқан. Толығырақ жас маманның BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатынан оқыңыз.
– Жадыра, қай жердің тумасысыз? Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз.
– Мен табиғаты шұрайлы, жасыл желекті Талдықорғанда дүниеге келдім. Ол жерде алғашқы қадамымды басып, білім мен тұлғалық дамуға деген арман-мақсатым қалыптасты. Мектептен кейін Алматыға көшіп келдім және С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түстім. Бакалаврды дәрігер болып тәмамдадым. Бірақ медицинада оқып жүрсем де, ішкі потенциалым мен қызығушылығым мүлдем басқа бағытта өрбіп жатқанын ұға бастадым. Дегенмен бастағанды аяқтайын деген оймен аяқтадым.
– Онда о баста дәрігер болуға не итермеледі? Себебі бұл да оңай мамандық емес. Екінің бірі таңдай бермейді.
– Әрине, бала күнімде дәрігер болғым келді. Яғни менің балалық арманым. Бірақ мен үшін бұл жай мамандық емес, сондай-ақ адамдарға көмектесу, денсаулығын нығайтып, жаңа үміт сыйлау, олардың өмірін жақсы бағытқа өзгеруге көмектесу деген үлкен миссия болатын. Өзімді пайдалы адам ретінде сезініп, қоғам үшін маңызды жұмыс атқарып жүрмін ғой деген өз-өзімді сүйемелдеу еді. Бұл салаға бала Жадыраның қалауын орындау үшін оқыдым деуге болады. Еш өкінбеймін. Себебі медицинада оқу оңай емес. Оны өзіңіз де білесіз.
– Яғни медицина бакалавры бола тұра, сонша жыл оқығаннан кейін басқа саланы таңдадыңыз ғой?
– Иә, дәл солай. Кейде өзім де таңғаламын. Осы шешімге келмей тұрып көп ойландым. Себебі бір күнде өзгерте салған жоқпын. Осы жерде бір қызық жағдай айта кетейін. Медицина университетінің бірінші курсында информатика сабағы болды. Соның емтиханынан қалай да тапсыра алмай, жазғы сессияға қалдым. Жазда мұғаліммен бірге оқыдық. Теория мен практиканы орындаған кезде, өзімнен бір нәтиже көрген кезде информатика, технология, компьютер ғылымы қандай қызық деп құлшынып оқыдым. Бірақ ол кезде мен келешекте мамандығым осы бағытта болады деген ой болған жоқ.
– Сонымен мамандықты қалай ауыстырдыңыз?
– Мені үнемі жаңаны зерттеу, құрастыру, жұмысын тексеру, анализ жасауды жақсы көретінмін. Өзімді жаңа қырымнан танып, сынап көруден де тайсалмайтынмын. Сөйтіп жүріп аналитика, логика және технологияға деген қызығушылығым күшейді. Содан осы бағытқа бет бұрып, мамандығымды ауыстырайын деген күрделі шешім шығардым. Бағдарламалық қамтамасыз етуді тестілеушісі деген жаңа мамандықты оқыдым. Бұл сала менің көкжиегім кеңейтіп, мүлдем басқа қырымды ашты.
– Қаншалық қиын және қызық болды?
– Медицинадан кейін ешқандай мамандық қиын емес сияқты ғой. Қалжыңдаймын (күледі – ред.) Әрине, бірден оңай болған жоқ. Үздіксіз оқу, тәжірибе жинау, жүйелі түрде еңбек еттім. Бәрі бірден керемет болған жоқ. Оның үстіне бұл сала күнде жаңарып отырады. Оны күнделікті қарап, зерттеп отыруың керек. Бұл мамандық қоғамға өте қажет және сен сұранысқа сай маман болу үшін біліктілігіңді арттырып отыруың керек. Маған қызығы сол – бұл мамандық арқылы да қоғамға пайдалы жұмыспен айналыса аламын. Жаңа технологияны тестілеуден өткізіп, қарапайым тілмей айтқанда қоғам ыңғайлы, маңызды, пайдалы өнімді сынаймыз. Сондықтан қазір трендтегі мамандық деуіме де болады.
– Бұл мамандыққа қатысты сөз айтқанда сізге ұнайтын артықшылығын айтып бересіз бе?
– Артықшылығы көп. Қазір бұл жұмыс маған зияткерлік бағытта дамып қана қоймай, сонымен бірге амбициямды іске асыруға мүмкіндік береді. Ми үнемі ізденіс, қозғалыста. Сонымен қатар, қазір жай ғана тестілеу емес, бағдарлама құрастыруды да меңгеріп алдым. Бұлар маған дүниенің кез келген жерінде отырып жұмыс істей аламын. Яғни, саяхатты жақсы көретін адам ретінде мен үшін таптырмас жұмыс.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Тестілеуді және кейінірек бағдарламалауды зерттегеннен кейін мен технология медицина сияқты миллиондаған адамдардың өмірін өзгерте алатын құрал екенін түсіндім. Тек ІТ проблемаларға жауап беріп қоймайды, сонымен қатар әлемді ыңғайлы және қауіпсіз ететін сапалы өнімдер жасау арқылы олардың алдын алуға ықпал етеді. Бұдан бөлек Кремний алқабында жұмыс істеп, адамдарға пайдалы және қажет міндеттерді шешетін өнімдер әзірлегім келеді. Мен үшін технологияны дамыту ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайдалы болу маңызды. Америкалық мамандардан үйрену, кәсіби өсу және бәсеке жоғары бағаланатын ортада болу үшін ең жақсы мамандардың қатарында болуды армандаймын. Менің мақсатым – Қазақстанға жаңа идеялар мен тәсілдерді әкелу, біліммен бөлісу және қоғамның дамуына көмектесу.
Қорыта айтар болсам, ІТ-дің шегі жоқ және ол дамыған сайын адам өміріне өнімдер пайда болады деп сенемін.
– Сұхбатыңызға рақмет!