Дәрігерді ұрды, шабуылдады: Қазақстанда ақ халаттыларға жұдырық ала жүгіру қашан тыйылады?

Кейде кәсіби борышты орындау өмірге қауіп төндірумен қатар жүреді. Қазақстанда адамға көмек көрсетіп жүрген дәрігерлердің шұғыл түрде өздеріне көмек керек жайттар жиілеп кетті. Елімізде ақ халаттыларды адам құрлы көрмейтіндер қатары көбейген. BAQ.KZ тілшісі елдегі дәрігерлерге жұдырық ала жүгіру оқиғаларына шолу жасап көрді.

Кезек күткісі келмеген...

Өткен аптада қостанайлық уролог-дәрігер Антон Кистановтың оқиғасы қоғамды тағы да дүр сілкінтті. Кезекшілік кезінде пациенттен ауыр соққы алған дәрігер жағдайы ауырлап, жансақтау бөліміне түскен. Арада бір күн өткенде медициналық авиация желісі бойынша елордадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді. Уролог-дәрігерге жабық бас-ми жарақаты, ауыр дәрежедегі ми соққысы, оң жақтан жедел субдуралды қан кету, маңдай бөлігінің полюстеріндегі соққы ошақтары, шүйде сүйегінің ұзынша жабық сызықты сынығы диагнозы қойылған.

Жүйкесі тозған науқастың жұдырығының ауырлығын осыдан-ақ саралауға болады.

Әріптестері күнделікті адам өмірін сақтау үшін жан аямай еңбек етіп жүрген ақ халаттыларға жасалған шабуылды "бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне жасалған соққы" деп бағалап отыр.

Жедел жәрдемді соққыға жыққан

Қостанайда түнгі шақырту кезінде жедел жәрдем фельдшері Әнел Баймұрзинаны пациенттер соққыға жықты. Көмекке келген медициналық қызметкердің миы шайқалып, денесі көгерген. Әнелдің айтуынша, науқастың туыстары агрессия танытып, реанимациялық шараларды жүргізуге кедергі келтірген.

Науқастың тыныс алуы мен жүрегі тоқтап қалғандықтан 30 минут бойы реанимация жасадық. Өкінішке қарай, науқасты құтқара алмадық. Көңіл айтып үлгермей жатып, туыстары маған тап берді. Шашымнан ұстап, тепкінің астына алды. Әріптесім қорғауға тырысқанымен, күші жетпеді. Айқайлап көмек сұрадым, жүргізуші көрші пәтерге барып, полиция шақыртты. Көршілер мені құтқарды, - дейді Әнел Баймұрзина.

Қарағандыда бірнеше дәрігер ауыр жарақат алды

Қарағандыда дәрігерлерге құрметсіздіктің бірнеше оқиғасы болды. Қарағанды балалар ауруханасының екі дәрігері ауыр соққы алған. Милары шайқалып, мұрындары сынып, көптеген көгерулер мен гематомалар анықталған.

Бұл жайтты Денсаулық сақтау министрінің өзі бақылап, дәрігерлердің жағдайын сұрап барды.

Бұл жай ғана бұзақылық емес, бұл өз өмірін басқаларды құтқаруға арнағандарға қатысты зорлық-зомбылық. Агрессияның мұндай көріністеріне жол берілмейді және құқық қорғау органдары тарапынан қатаң ден қоюды және қоғамды айыптауды талап етеді, - деді ведомство басшысы.

Кеншілер қаласында жеке медициналық мекемеде ер адам медицина қызметкерін аяусыз соққыға жыққан. Әйелін емханаға дәрігерге көрсетуге әкелген ер адам агрессия танытқан. Кабинеттің есігін теуіп сындырғанымен қоймай, дәрігерге қол көтерген. Салдарынан әйел дәрігердің саусақтары сынған. Миы шайқалып, денесі көгерген.

42 жастағы ер адам клиникаға жұбайымен бірге келген. Біраз уақыт өткен соң, белгісіз себеппен қызметтік бөлменің есігін сындырып, медицина қызметкеріне дене жарақатын келтірген. Күдікті психоневрологиялық орталыққа жеткізілді, дәрігерлердің бақылауында. Қазіргі таңда оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр, - деп түсіндірді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Атышулы оқиға: алматылық дәрігер өлімі

Алматыдағы белгілі гастроэнтеролог-дәрігердің өлімі жұртты дүр сілкіндірді. Білікті дәрігер Юрий Шумков әдеттегідей таңертең жұмысқа бара жеткен кезінде үйінің маңындағы көлік тұрағында ажал құшты. Дәрігерді өзі емдеген пациенттерінің бірі атып кеткен. Екі рет атылған оқтың құрбанына айналған дәрігер өлімі денсаулық сақтау саласын ғана емес, қоғамда резонанс тудырды.

Көп ұзамай 35 жастағы қылмыскер қолға түсті.

Тағы да таяқ жеген медбике

Теміртауда фельдшер қызды әріптесі мас күйде жұмыс орнында ұрып кетті. Алдымен тұншықтырып, артынша ұрып-соғып, шашынан сүйреген. Әріптестері арашалап алмағанда оқиғаның немен аяқталатыны белгісіз еді. Бойжеткен ми жарақатын алып, саусақтың сынып, денесінің көгерген іздерімен ауруханаға жеткізілген. Ертесіне шабуыл жасаған әріптесі де ауруханаға жеткен. Ол өзін үш белгісіз адамның ұрды деп отыр.

Полиция 29 жастағы күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Айтуынша, жанжал қызметкерлердің бір-бірін жақтырмауынан басталған.

Бұл оқиғалар – денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне жасалған күш көрсету әрекеттерінің бір бөлігі ғана.

Министр үндеу жолдады

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазақстандықтарға үндеу жасады. Ведомство басшысы медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді.

Құрметті қазақстандықтар! Сіздерге перзентханада мейіргер, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор дәрігер болып жұмыс істеген маман ретінде үн қатқым келеді: медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар!, - деді министр.

Айтуынша, қыркүйекте медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатайтатын заңнамалық түзетулер Парламентке енгізіледі.

Біз тағы да Қарағанды мен Қостанайда орын алған екі сорақы жағдайға куә болып отырмыз. Қарағандыда жеке клиниканың мейіргеріне шабуыл жасалды. Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі қатыгездікпен соққыға жығылды. Пациент өз кезегін күткісі келмегендіктен, дәрігерді бір ұрып, есінен тандырған. Қазір дәрігер реанимацияда. Жағдайы – ауыр. Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатігез және мейірімсіз болуы керек? – деді Ақмарал Әлназарова.

Министрдің сөзінше, бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп отыруы – ақылға қонбайтын жағдай.

Президент заңды қатаңдату тапсырды

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға заңды қатаңдатуды тапсырды.

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдайды, - деді Ақорда.

Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге "Заң және тәртіп" қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек.

Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бастама алдағы уқаытта Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады.

Дәрігерлер қауіпсіздігі: Үкімет тапсырма берді

Президент бастамасын дереу Үкімет те қолдады. Белгілі болғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту жөніндегі шаралар кешенін әзірлейді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және басқа да денсаулық сақтау қызметкерлеріне жасалған шабуылдардың 170-тен астам фактісі тіркелген.

Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Дәрігерлерге шабуыл жасалған мұндай оқиғалар құқықтық әдістермен қатаң түрде тоқтатылуы керек. Осыған байланысты денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет министрліктеріне он күн мерзім ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны үшін қылмыстық жаза қарастыру бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырамын, - деді Премьер-министр.

ІІМ ауруханалар мен перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойғы полиция бекеттері қойылды деп отыр. Барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны қорғалған. Медициналық мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жекелеген шаралар қабылданып, халыққа профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту жоспарда бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы