Дәрігерден кеңес: Жүрегіңді сақта...
Жыл сайын әлемде 29 қыркүйекте Дүниежүзілік жүрек күнін атап өтеді. Алғаш рет 1999 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен ұйымдастырылған. 2023 жылы Дүниежүзілік жүрек күнінің ұраны – «Жүрек – өмір сүруге арналған». Бұл күнді өткізудің мақсаты – жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға шақыру, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын 18 миллионнан астам адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұмады. Бұл – жұқпалы емес аурулардан болатын өлімнің жартысынан астамы.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ консультациялық-диагностикалық орталығының кардиологы, жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қыстауова жүрек қызметін жақсартатын әдеттерге көбірек көңіл бөлуге кеңес берді.
Ағзалардың, организм жүйелерінің жағдайы және адамның өмір сүру ұзақтығы жүректің және бүкіл жүрек-қантамыр жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне байланысты. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу денсаулық пен ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады, – деді Ботагөз Қыстауова.
Дәрігердің айтуынша, жүрек қызметін жақсартуға көмектесетін тағам түрлерін оқи отырыңыздар: қаныққан май, тұз және қанты аз тағамдарды тұтыныңыз. Көкөніс, жеміс, дәнді дақыл және құрамында магниі бар тағамдар көбірек жеңіз; тұрақты физикалық жаттығулар жүрек пен қан тамырларының жұмысын нығайтады;
артық салмақ жүрек ауруының қаупін арттыратынын ескеріңіз;
шылым мен алкогольді ішімдіктен бас тартыңыз.
күйзеліс басқа ағзаларға қарағанда жүрекке көбірек әсер етеді;
үнемі қант деңгейін өлшеп, холестеринді бақылауда ұстау;
жыл сайын тұрақты түрде жүректі тексертіп тұру.
Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу – ұзақ мерзімді процесс. Өмір бойы салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Осы шараларды сақтау жүрек проблемаларының даму қаупін азайтады және жалпы денсаулықты жақсартады, – деп қосты дәрігер.