Дәрігер жетіспеушілік мәселесі бізде де бар - литвалық дәрігер
Бұл туралы Вильнюс университеті республикалық ауруханасының инсульт орталығының меңгерушісі Александрас Вильонскис мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Инсульт – қазіргі таңда көптеген адамдар тікелей немесе жанама ұшырасып жүрген кең таралған аурудың бірі. Ең бірінші, бұл аурудың көп таралуына халықтың дерт туралы жеткілікті түрде ақпараттандырылмауы себеп деп ойлаймын. Екіншіден, адам жіті инсульт алған жағдайда дер кезінде тиісті көмек алуға жеткізілуі маңызды. Литвада да соңғы кезде көптеген өзгерістер орын алды. Біздің елдегі Литва инсульт қауымдастығы бірнеше жылдан бері, тіпті 20-ғасырдан бері проблемаларды көтеріп келеді. 2014 жылы инсульт республикамызда бірден көбейіп кеткендіктен үкіметтік деңгейде мәселе көтеріліп, инсультқа шалдыққандарға көмек көрсету бойынша әлеуметтік бағдарлама іске қосылды, - деп атап өтті литвалық дәрігер «Инсульт мектебі» халықаралық конференциясынан кейін берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Литвада да дәрігер жетіспеушілік мәселесі бар.
Мамандар жеткіліксіздігі, соның ішінде орта медициналық қызметкерлердің аздығы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Тағы бір мәселе – жаңа айтып өткенімдей, халықтың инсульт туралы білімінің аздығы. Инсульттың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі қан қысымымызды, холестеринді бақылауда ұстауымыз керек. Әсіресе гипертониктер мен қант диабетіне шалдыққан адамдар дәрігердің бақылауында болғаны дұрыс. Ал бір рет инсульт алғандар үшін аурудың қайталанбауын қадағалап, дәрі-дәрмекті уақытында қабылдап, шылым шегу, ішімдік ішуден аулақ болғаны дұрыс, - деді Александрас Вильонскис.