Дәрігер: Жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды, бірақ көп көмектеседі
Күрделі жарақат кезінде әр минуттың маңызы зор. Мұндай жағдайда телемедицина дәрігерлерге дұрыс шешім қабылдауға қалай көмектеседі және науқасты қай кезде міндетті түрде республикалық орталыққа жеткізу қажет? BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында Академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының №5 травматология бөлімшесінің меңгерушісі Мурсалов Нағмет Қапанұлы осы және өзге де өзекті сауалдарға жауап беріп, жасанды интеллектің медицинадағы мүмкіндіктері мен өңірлердегі медициналық көмектің болашағы туралы пікірін бөлісті.
- Нағмет Қапанұлы, телемедициналық кеңес беруге тәулігіне немесе айына орта есеппен қанша өтініш түседі? Ең көп сұраныс қай өңірлерден келеді?
- Қазір телемедициналық консультациялар бұрынғыдай белгілі бір күндері ғана емес, аптаның бес жұмыс күні бойы тұрақты түрде өткізіледі. Яғни жұмыс күндерінің әрқайсысында онлайн кеңес береміз.
2025 жылдың қорытындысы бойынша 245 телемедициналық консультация өткізілді. Қазір жұмыс күндерінің санына қарай күн сайын консультация ұйымдастырылып келеді.
Бізге Қазақстанның барлық өңірінен хабарласады. Телемедициналық көмекті тек күрделі жарақат кезінде ғана көрсетеміз деуге болмайды. Әртүрлі аурулар кезінде де дәрігерлер кеңес сұрайды. Аурудың асқыну қаупі туындағанда немесе емдеу тактикасын нақтылау қажет болған жағдайда өңірлердегі әріптестеріміз бізбен байланысады.
Онлайн консультация барысында өз ұсынымдарымызды береміз. Қажет болса, қосымша қандай тексерулер жүргізу керектігін айтамыз. Тексеру нәтижелері дайын болғаннан кейін қайта байланысып, диагнозды нақтылап, емдеу тактикасын ұсынамыз. Науқасты әрі қарай қалай емдеу қажет екенін түсіндіріп, ем жоспарын құрамыз.
- Кейбір күрделі жарақаттарда уақыт өте маңызды. Телемедициналық кеңес науқастың емін бастау уақытын қаншалықты қысқартады?
- Телемедицина сырт көзге қарапайым қызмет сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның ем сапасын арттырудағы маңызы өте жоғары.
Қазір медицинада жаңа технологияларды қолдану маңызды. Біз өңірлердегі әріптестерімізге қандай технологияны қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, бағыт-бағдар береміз. Егер белгілі бір мүмкіндік жергілікті жерде болмаса, оны республикалық орталықта ұйымдастырып, науқасқа қажетті көмекті өзіміз көрсетеміз.
Телемедицинаның тағы бір артықшылығы – ол дәрігерлердің тәжірибесін жетілдіруге ықпал етеді. Бұл тек науқасқа көмек көрсету құралы ғана емес, үздіксіз білім алудың да тиімді тәсілі.
- Өңірлік дәрігерлердің біліктілігін арттыруда телемедицинаның рөлі қандай? Онлайн консультациялар тәжірибе алмасу алаңына айналып жатыр ма?
- Әрине. Телемедицина осы бағытта өте маңызды рөл атқарады.
Біз көп жылдық тәжірибесі бар мамандар ретінде өңірлердегі дәрігерлермен байланысып, қандай жағдайда қандай ем қолдану қажет екенін, қандай тексерулер жүргізу керектігін егжей-тегжейлі түсіндіреміз.
Мұның ең алдымен науқасқа пайдасы тиеді. Себебі емдеу тактикасы уақытылы әрі дұрыс таңдалады.
Сонымен қатар бұл дәрігердің өзінің кәсіби тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді. Бір рет бірге талқылап, белгілі бір жағдайды басқаруды үйренген маман келесі жолы осындай науқас кездескенде әлдеқайда сенімді жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда қайтадан телемедициналық кеңес алып, емдеу үдерісін дұрыс ұйымдастыра алады.
- Телемедицина арқылы кеңес беруге келмейтін, міндетті түрде науқасты республикалық орталыққа жеткізуді талап ететін қандай жағдайлар бар?
- Егер науқастың жағдайы күрделеніп, өміріне қауіп төнсе немесе жергілікті жерде қажетті медициналық технологиялар мен жоғары білікті мамандар болмаса, ондай жағдайда науқасты республикалық орталыққа жеткізу туралы шешім қабылданады.
Мұндай кезде санитариялық авиация қызметі тартылады. Науқас арнайы мамандардың бақылауымен біздің орталыққа жеткізіледі. Біз оны алдын ала қабылдауға дайын боламыз.
Науқас келгеннен кейін жағдайына қарай қажетті бөлімшеге жатқызылады. Егер реанимациялық көмек қажет болса, алдымен жансақтау бөліміне орналастырылады. Ал жағдайы тұрақты болса, профильдік бөлімшеге жатқызылып, қажетті ем-шаралар жүргізіледі.
Телемедицина дәл осындай шешімдерді уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни науқастың жағдайын алдын ала бағалап, әрі қарайғы емдеу тактикасын дұрыс жоспарлауға көмектеседі.
- Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар телемедицинаға еніп жатыр. Травматология саласында олардың мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
- Бүгінде цифрлық технологиялар медицинаға да, телемедицинаға да кеңінен енгізіліп жатыр. Қазір көптеген жұмыс бұрынғыдай қағаз немесе пленка арқылы емес, толықтай цифрлық форматта жүргізіледі.
Бұрын рентген түсірілімдерін арнайы пленкаға шығарып, оны қараңғы бөлмеде өңдеп, кептіріп барып қарайтынбыз. Қазір мұның бәрі цифрлық жүйеге көшті. Барлық кескіндер компьютерде сақталады, олардың электронды базасы мен архиві қалыптасады.
Тіпті дәрігер қажет болған жағдайда суреттерді телефон арқылы да қарай алады. Ол үшін арнайы қосымшалар пайдаланылады. Сол арқылы рентген, компьютерлік томография және басқа да зерттеу нәтижелерін қарап, талдау жасауға мүмкіндік бар.
Жасанды интеллект соңғы бір-екі жылда өте қарқынды дамып келеді. Оның медицинадағы көмегі әсіресе рентгенологиялық зерттеулерді, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография нәтижелерін талдау кезінде айқын байқалады.
Жасанды интеллект суреттердегі өзгерістерді анықтап, дәрігерге бағыт-бағдар береді. Ол қандай өзгерістер бар екенін көрсетіп, қорытынды жасауға көмектеседі. Соңғы шешімді, әрине, дәрігер қабылдайды. Бірақ жасанды интеллект дәрігер үшін тиімді кеңесші әрі қосымша құрал ретінде үлкен көмек көрсетіп отыр.
- Алдағы 3–5 жылда телемедицинаның дамуы өңірлердегі мамандандырылған медициналық көмектің сапасын қалай өзгертеді деп ойлайсыз?
- Мұны уақыт көрсетеді. Бірақ телемедицина іске қосылғалы бері өңірлердегі дәрігерлердің біліктілігі артып, тәжірибесі молайып келе жатқанын байқап отырмыз. Алдағы жылдары бұл үрдіс жалғаса береді деп сенемін.
Бүгінде өңірлердегі мамандар республикалық орталықтағы әріптестерімен тұрақты байланыста жұмыс істейді. Соның арқасында күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігі артып келеді.
Егер соңғы көрсеткіштерге назар аударсақ, 2026 жылдың алғашқы алты айында елімізде жарақаттану мен өлім-жітім деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады.
Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Екіншіден, жол қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың күшеюі. Қазір жолдар жақсарып келеді, полиция жол қозғалысын бақылауды күшейтті, бейнекамералар көбейді, алдын алу жұмыстары да жүйелі жүргізіліп жатыр.
Осының бәрі жалпы жағдайдың жақсаруына ықпал етуде. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштер бұдан да жақсарады деп үміттенемін.
- Аймақ тұрғындарына қандай кеңес берер едіңіз? Күрделі жарақат алған науқасқа алғашқы сағаттарда қандай қателіктер жіберілмеуі керек және мұндай жағдайда телемедициналық қолдау қалай ұйымдастырылады?
- Ең алдымен, жарақаттың алдын алуға мән берген жөн. Асығыстықтың салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан жолға ертерек шығып, ешқайда асықпай, тәртіпті сақтап жүрген дұрыс.
Жарақаттардың басым бөлігі жол-көлік оқиғаларының салдарынан болады. Сондықтан жылдамдықты асырмау, жол қозғалысы ережелерін сақтау – ең маңызды талаптардың бірі.
Егер адам жарақат алса, алғашқы медициналық көмектің дұрыс көрсетілуі өте маңызды. Қажет болған жағдайда гипс салынып, шина қойылып, таңғыш дұрыс таңылуы тиіс. Осы кезеңде қателік жіберілмеуі керек.
Одан кейін науқас дәрігердің бақылауында болып, ұсынылған емді сақтағаны дұрыс. Егер жағдайы біртіндеп жақсарып келе жатса, емдеу жоспары жалғасады. Ал қосымша хирургиялық ем немесе басқа да медициналық араласу қажет болса, біз науқасты орталыққа шақырып, қажетті операциялар мен ем-шараларды өз клиникамызда жүргіземіз.
Мұндай жағдайлардың бәрі телемедицина арқылы алдын ала талқыланып, шешіледі. Өңірдегі дәрігерлер бізбен байланысып, науқастың жағдайын таныстырады, зерттеу нәтижелерін жолдайды. Соның негізінде әрі қарайғы емдеу тактикасын бірге анықтаймыз.
Қазіргі таңда телемедицина – заман талабына сай ұйымдастырылған тиімді құрал. Оның мүмкіндігін дұрыс пайдалану арқылы өңірлердегі дәрігерлерге де қолдау көрсетуге, ал науқастарға уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге болады.
- Сұхбатыңызға рақмет!